Бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Qazaqstan» телеарнасына сұхбат берді
«Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, белгілі жазушы Дәурен Қуат ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық арна тілшісіне берген сұхбатында көптің көкейінде жүрген сұрақтарға жауап бергенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«- ҰҚҰШ-ға мүше елдердің әскерін шақырғаныңызға өкінбейсіз бе?
- Ресейге қарыз болып қалған жоқпыз ба?
- Кейбір Ресей саясаткерлері қазақ жерінің тұтастығына көз алартып, Солтүстік облыстарымызды алып қоюды айтып жүр.
- "Қаңтар қасыретіне" қатысқандардың бәрі лаңкестер емес қой? Ол жайында не айтасыз?
- Уақытша тергеу орындарында қатігездік болып жатқанын білесіз бе?
- Талдықорғандық Азамат Батырбаевтың денесін күйдіріп, ыстық үтік басқанынан хабардарсыз ба?
- "Қаңтар қасыреті" неден туды? Оған не себеп болды?
- Сіздің "Әке туралы толғау" атты кітабыңыз бойынша бір продюсерлік компания фильм түсіруге кірісіп кетіпті. Оған не дейсіз?
- Соңғы кездері олигополия туралы жиі айтасыз. Олигополия деген не?
- Шетел асып, офшорларға тығылған қазақтың қаржысы елге қайта ма?
- Тұңғыш президент туралы Конституцияға енген баптар өзгере ме?
Мен жолма-жол, сөзбе-сөз қайталап отырған жоқпын, бірақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа тележурналистикамыздың жауынгер қызы Жайна Сламбек қойған батыл да, өткір сұрақтардың мазмұны осылай болды. Мойындайықшы, бұрын дәл осындай сұрақтар қойылып, оған ашық әрі шынайы жауаптар болып па еді?», - деп ризашылығын білдірді журналист Facebook-парақшасында.
Дәурен Қуат Президенттің Ұлттық арна тілшісіне берген сұхбатын соңына дейін көріп, тыңдағанын, сұхбаттың ашық болғанын атап өтті.
«Жайна Сламбек көптің көкейінде жүрген, әртүрлі күмән тудырып жүрген сұрақтарды төтесінен қойып отырды. Президент соның бәріне байыппен жауап берді. Алдағы уақытта жүзеге асуға тиіс реформалар туралы және оны күзге дейін созбай наурыз айындағы Жолдауында жариялайтыны да көңілге қонды. Өйткені уақыт тығыз. Шетел асқан қаржыны қайтаруға шындап кіріскені байқалды Президенттің. Халық болып қолдауымыз керек. Еңбекті, еңбекқорлықты идеологияға айналдыру керек деген сөзі әсіресе ұнады. Тіл жайында да шегелеп тұрып айтты», - деп жазды Д. Қуат.
Ол сондай-ақ халқымыздың отыз күнде мүлде өзгергенін айтты.
«Өзгеріс өте керек. Бірақ отыз жылдағы келеңсіздік атаулының отыз күнде орнына келе қалуы да қиын екенін ескеріп, игілікті істерді алдағы күндерден де күте білейік. Қысқасы, бүгінгі сұхбатында Президент Жаңа Қазақстанның келешегін аңғартып сөйледі. «Бәрекелді!» деймін өз басым», - деді журналист.