Алматы әкімдігі Бостандық ауданы тұрғындарының инфрақұрылымға қатысты шағымдарын бақылауға алды

Кездесуге келген көпшілік ең алдымен ауыз су мәселесін көтерді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Бостандық ауданындағы инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылу барысымен танысып, аудан тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Кездесуге келген көпшілік ең алдымен ауыз су мәселесін көтерді. Жергілікті жұрт аймақта су жиі жетпейтінін, қысымның төмен екенін айтып шағымданды. Әкімдік өкілдері бұл мәселені шешу үшін станса құрылысын қараша айына дейін аяқтауды, ал су тарату желілерін келесі жылы толық іске қосуды жоспарлап отырғанын айтты. Дархан Амангелдіұлы Ерменсай шағынауданындағы «Нұрлытау» сорғы стансасы мен су дайындау стансасының құрылыс алаңын аралады. Бүгінде мұнда жұмыстың 40 пайызы орындалған.

«Алма» коттедж қалашығының тұрғынымын. Біздегі мәселе – ауыз су. Ол жүйесі бұрыннан мемлекеттік емес, жеке компанияның қолында болған. Соның салдарынан су бағасы қымбат әрі тұрақты жеткізу жағынан да қиындық бар. Тоқтап қалады. Бүгін әкімге аталған мәселені ашып айттық, жауаптыларға тапсырма берді. Шешіледі деген сенімдеміз», – деді қала тұрғыны Әсия Дамитова.

Тұрғындар аула аумақтарын жөндеу, жасыл желектерді суару және әлеуметтік нысандардың жай-күйіне қатысты сауал көтерді. Барлық өтініш бойынша түсіндірме беріліп, айтылған мәселелер бақылауға алынды. Сондай-ақ қала әкімі «Атакент» Қазақстан іскерлік ынтымақтастық орталығының кіреберіс аумағын көріктендіру жұмыстарымен танысты. ¤

«Мен әкім қабылдауында балалар алаңы жайлы мәселе қозғадым. Аудандағы бүлдіршіндерге алаңқай керек. Негізі алаң бар, бірақ ескірді. Талапқа сай емес, сондықтан, жаңа әрі кең аула сұрадық. Мәселем жақын арада шешіледі деген ойлаймын», – деді қала тұрғыны Алтынай Мергенова.

«Менің сұрағым аурухана жайында болды. Ауданда адам көп, ауруханаға жаңадан жөндеу жүргізілсе, дұрыс болар еді. Әкім жылы қабылдады, толық тыңдап, шешуге уәде берді», – деді қала тұрғыны Наргиз Омарова.

Оқи отырыңыз: Алматы әкімі білім сапасы мен балалардың қауіпсіздігі жөнінде мемлекеттік мектеп директорларымен кеңес өткізді

Новости партнеров