Нұрлыбек Нәлібаев Алматыдағы жол құрылысы мен медицина нысандарын аралады

Нұрлыбек Нәлібаев ұшақтан түсіп, жұмыс сапарын Алматының әуежайын аралаудан бастады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Алматыға жұмыс сапарымен келіп, шаһарда іске асып жатқан бірқатар маңызды жобамен танысты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Нұрлыбек Нәлібаев ұшақтан түсе сала, жұмыс сапарын Алматының әуежайын аралаудан бастады. Ішкі рейстер терминалында жауаптылардан атқарылып жатқан шаруа туралы ақпар алып, оң бағасын берді. Одан соң вице-премьер Алматы мен облысты жалғап жатқан жолдарды кеңейту жұмысына көңіл бөлді. Мәселен, Талғар автожолының 8 шақырымы күрделі жөндеуден өтеді. Жоба аясында жол 4 жолаққа дейін кеңейтіліп, жарықтандыру жүйесі мен жүргіншілерге арналған тротуарлар салынады. Сондай-ақ Үкімет басшысының орынбасары Алматы – Бішкек тасжолында жүріп жатқан жұмыстармен танысты. Аталған аумақта да жол 8 жолаққа дейін кеңейеді.

«Дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Қалған жол жабынына ерте көктемде кірісеміз», – деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Алматы облыстық филиалының директоры Ғани Мұрзаханов.

Жұмыс сапары аясында вице-премьер көшелерді Үлкен Алматы айналма жолына дейін созу жобасымен танысты. Әуелі Саин көшесіндегі құрылысқа ат басын бұрды. Қазір нысандағы шаруа 72 пайызға тәмам. Сондай-ақ Абай даңғылын ұзарту жұмыстары жартылай дайын. Қазір онда жолайрықтар мен көпір салынып, жиектастар орнатылып, асфальт төселіп жатыр.

«Абай көшесі, Дархан Амангелдіұлы, керемет өзгеріпті. Гүлдер әдемі екен. Көпірлерге дейін сәндеп қойыпсыздар. Қаладағы көлік кептелісін біраз жеңілдетсе, дұрыс болды», – деді ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев.

«Ортақ жұмыс, Президенттің тапсырмасы, тезірек бітіру керек. 20 қазанға дейін облыспен келісіп, қабылдап алдық. Жол Сүйінбай көшесіне дейін ашылады. Әлі де сүрілетін учаскелер бар, облыс көмектесіп жатыр, ҮАААЖ-ға қосылады. Қазір Райымбек даңғылы мен Жандосов көшесінде кептеліс өте жоғары, Абай даңғылы ашылса, көлік те азаяды», – деді Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды.

Сондай-ақ Нұрлыбек Нәлібаев азаматтарды сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз етуге бағытталған жобалармен танысты. Алдымен Қалқамандағы №7 қалалық ауруханаға ат басын бұрды. Аталған мекемеде құрылыс жұмыстары былтыр қыркүйек айында басталған. Жоба шеңберінде аурухананың жеті блогы толық реконструкциядан өтіп, инженерлік желілер жаңартылады. Шаруа аяқталғаннан кейін нысанның жалпы аумағы 33 мың шаршы метрден асады.

«Науқастарды қабылдау үшін қосымша ғимарат салдық. Бүкіл медициналық құрал-жабдықты тиісті органдармен келісім жасап, тапсырыс бердік. Жылдың соңына дейін алып келеді», – деді құрылыс басқармасының басшысы Нұрбол Нұрсағатов.

Жұмыс сапары аясында Үкімет басшысының орынбасары Сейфуллин даңғылы мен Бөгенбай батыр көшесінің қиылысында орналасқан №1 перзентханаға қосымша ғимарат салу ісімен танысты. Бұл нысан 155 төсек-орынға есептелген. Бүгінде толығымен монолит жұмыстары аяқталып, инженерлік желілер салынып жатыр. Бұған қоса, вице-премьер Әйтеке би көшесінің бойында салынып жатқан емхананың құрылыс барысын тексерді. Бес қабатты ғимаратта ересектер мен балалар бөлімдері, әйелдер консультациясы, күндізгі стационар мен диагностикалық бөлімшелер орналасады.

«Денсаулық сақтау саласын жаңғыртудың ұлттық жобасы аясында өткен жылдары ауылдарға дейін амбулаториялар салынды. Оны кішігірім аурухана деп айтуға болады. Әрқайсысының құны 400 млн теңгеге жақын. Алдағы уақыттарда да ауылдарда, аудан орталықтарында, облыс орталықтарында денсаулық сақтау нысандары салынатын болады. Бұл Мемлекет басшысының тікелей назарында, Үкімет басшысының бақылауында. Біз әріптестермен бірге осы жобаларды жүзеге асырамыз», – деді ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев.

Сондай-ақ Нұрлыбек Нәлібаев Алматының батыс бөлігіндегі кәріз жүйесін жаңғырту жұмысымен танысты. Жоба Наурызбай, Алатау аудандары мен Алматы облысындағы іргелес елді мекендердің 200 мыңға жуық тұрғынын орталықтандырылған кәріз жүйесімен қамтуға мүмкіндік береді.
Гүлмарал Изатқызы, Ернат Болатбек, Рашидин Якупов