Әлеуметтік көмек алатын отбасыларды қолдау да қарастырылып жатыр
Келешекте зейнеткерлер, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдар мен мектеп оқушылары тауға тегін шыға алады. Мұндай жеңілдіктерді жаңадан іргесі қаланып жатқан Almaty SuperSki тау-шаңғы курортында қарастыру жоспарланып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Almaty SuperSki жобасы таулы аймаққа баруды жеңілдететін инфрақұрылым қалыптастыруды көздейді. Жобаны әзірлеушілер демалысты қаржылық жағынан қолжетімді етуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, азаматтардың жекелеген санаттары үшін тегін кіру мүмкіндігі қарастырылмақ.
"Басшылықтың тапсырмасы – қазақстандықтардың Алматы тауларында қолжетімді демалуына жағдай жасау. Әсіресе, балалар мен мектеп оқушылары үшін бұл маңызды. Олар қыста да, жазда да тауда дене шынықтыру сабақтарын тегін өткізе алуы керек. Зейнеткерлер де Көкжайлауға еркін әрі ақысыз бара алуы қажет. Мүгедектігі бар адамдар да осы таудың әсем табиғаты мен көріністерін өзгелер сияқты тамашалауға мүмкіндік алуы тиіс", - деді Kazakh Tourism Development компаниясының бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаев.
Әлеуметтік көмек алатын отбасыларды қолдау да қарастырылып жатыр. Оларға курортқа тегін кіру немесе әжептеуір жеңілдікпен демалу мүмкіндігі талқылануда. Оны арнайы цифрлық платформа арқылы пайдалану ұсынылып отыр. Болашақта Almaty SuperSki тау туризмін дамытуға бағытталған ауқымды тау кластерінің бір бөлігіне айналмақ. Жоба жыл бойы демалуға мүмкіндік беретін заманауи инфрақұрылым құруды әрі спорттық мүмкіндіктерді кеңейтуді көздейді.
"Біз үшін жаңа спорттық инфрақұрылымның салынуы өте маңызды. Сонда жастарымыз шаңғы спортының дәстүрлі түрлерімен қатар, олимпиадалық және олимпиадалық бағдарламаға кірмейтін жаңа спорт түрлерін де меңгере алады. Ең бастысы, бұл нысандарды мүмкіндігінше көп адам пайдалана алуы керек. Яғни, курорт спорт саласының мамандарына немесе жастарға ғана емес, аға буын өкілдеріне де қолайлы болуы қажет. Ол баршаға қолжетімді, инклюзивті демалыс орнына айналуға тиіс", - деді ҚР Альпинизм және спорттық құзға өрмелеу федерациясының президенті Нұрсұлтан Шоқанов.
Алматы тау кластерін іске қосу 2028 жылдың желтоқсанына жоспарланған. Ал қызметтердің нақты құны, жеңілдіктерді ұсыну шарттары мен әлеуметтік осал топтарды қолдау шаралары пысықталып жатыр.
Айдана Шалқар, Ернат Болатбек
Оқи отырыңыз: Almaty SuperSki жобасы: таулы аймақта жаяу жүргіншілер инфрақұрылымы қалай дамиды