Almaty SuperSki жобасы: таулы аймақта жаяу жүргіншілер инфрақұрылымы қалай дамиды

Almaty SuperSki тау курортының құрылысы басталғанға дейін аумақ 7 бағыт бойынша кешенді ғылыми зерттеуден өтті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Almaty SuperSki жобасында жаяу жүргіншілерге арналған инфрақұрылымды дамытуға ерекше мән берілмек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Атап айтқанда, заманауи визит-орталықтар мен туристік соқпақтар салынып, биік таулы аймақтарда жедел байланыс пен цифрлық навигация жүйелері орнатылады. Сондай-ақ биыл 8 көпір мен су өткізу құрылыстарын жасау жоспарланып отыр. Аталған шаруалар экологиялық тұрақтылық қағидаттары негізінде жүзеге аспақ. Яғни, құрылыс кезінде жер бедеріне зиян келтірмеу, пайдалы ресурстарды сақтау және өсімдіктер мен жануарлар табиғатын қорғауға басымдық беріледі. Сондай-ақ тауға серуендеп келген азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ден қойылады. Мәселен, қар көшкінінен қорғайтын кешенді жүйе қойылып, құтқару бекеттері мен медициналық пункттер де бой көтермек. Сала мамандарының сөзінше, жобаның іске асуы Алматының туристік әлеуетін арттырып қана қоймай, Қазақстанның халықаралық тау туризмі нарығындағы орнын нығайтуға ықпал етеді.

«Әрине, құрылыс жұмыстары көпшілік арасында кереғар пікір туғызуы мүмкін. Дегенмен, Шымбұлақ пен Медеу болмады деп есептесек, оларды салу бойынша да қоғам арасында түрлі көзқарас болар еді. Өйткені, жұртшылықтың мұндай жобаларды бастапқыда қолдауы екіталай. Сондықтан жобаның экономикалық және әлеуметтік әсеріне әлі толық баға берілмеді деп ойлаймын. Бұл тұрғыда біздің қор бастамаға оң көзқарас білдіреміз», – деді Орталық Азия елдерінде тұрақты туризмді дамыту қорының директоры Максим Гандрабура.  

Айта кетейік, Almaty SuperSki тау курортының құрылысы басталғанға дейін аумақ 7 бағыт бойынша кешенді ғылыми зерттеуден өтті. Оның аясында жасыл өсімдіктерге ерекше назар аударылып, тау-шаңғы курорты орналасатын аумақта Қызыл кітапқа енген ағаш түрлерінің жоқ екені анықталды. Ал қалған жасыл желектерді барынша сақтап қалу немесе басқа аумаққа көшіру жоспарланған. Бұдан бөлек, Көк жайлауда археологиялық жұмыстар да қолға алынған. Мұнда қазба жұмыстары жүргізіліп, тарихи нысандар зерделенеді. Қажет жағдайда кейбір мұралар қаз-қалпында сақталады, ал жекелеген жәдігерлер мұражайларға тапсырылады.

Алматы тау кластерін дамыту туризм, бизнес, көлік және құрылыс салаларына жаңа серпін беріп, 10 мыңнан аса жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Ал жобаның экономикалық тиімділігі жылына 500 миллиард теңгеден аспақ.

«Шаһардың табиғаты сұлу, әрі таулы аймақта орналасқан. Алайда әлеуетімізді әлі де толық пайдаланып отырған жоқ. Сондықтан инфрақұрылым қалыптастыру – әлі де өзекті мәселелердің бірі. Егер сыртқы туризмді дамытып, шетелдік инвесторларды тартамыз десек, онда таулы аймақтарда қолайлы орта қалыптастыру қажет. Бұл экономикаға пайда әкеліп қана қоймай, ішкі туризмді де түлетуге мүмкіндік береді», – деді Қазақстан туристік қауымдастықтың төрағасы Рашида Шайкенова.

Оқи отырыңыз: Дархан Сатыбалды Алматыда қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды