Ерболат Досаев Медеу ауданы тұрғындарымен кездесті

28.09.2023 13:56
YouTube

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Медеу ауданы тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алматыдағы «Көк базарда» күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Нысан соңғы 30 жылда жөндеу көрмеген. Қазір Жібек Жолы көшесі бойындағы бөлігі уақытша жабық. Құрылысты толық аяқтау келесі жылдың соңына жоспарланған. Қала басшылығы реконструкция шығыны базар иесі есебінен төленетінін айтты. Нысан әкімшілігі «құрылыс кезінде сауда орны жабылмайды» деді.

Тұрғындармен кездесуде ауданды тұрақты электрмен жабдықтау туралы айтылды. Қазір аймақта ұзындығы 5 шақырым болатын тоқ желілерін қайта жаңарту және 3 трансформаторлық қосалқы стансасын орнату жұмысы жүргізіліп жатыр. Жұмыс толығымен аяқталса, бау-бақша серіктестігі мен тау бөктерінде тұратындар пайдаланатын электр сапасы жақсармақ.

– Горная, Шыбынсай көшесінің, Мұзтау, Кеңсай шағынаудандарының және бау-бақша серіктестіктерінің тұрғындары үздіксіз электр жарығымен қамтамасыз ету үшін ұзындығы 33,8 км иесіз электр желілерін реконструкциялау және 11 трансформаторлық қосалқа стансасын салу жұмысы аяқталды. Асқартау шағынауданында электр желілерін салу үшін жобалау-сметалық құжаттама дайындалып жатыр, қазанда аяқталады, – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Аудандағы әлеуметтік нысандардың мәселесі қала әкімдігінің назарында. Биыл мұнда 500 бүлдіршінге арналған 10 балабақша салу жоспарланған. Қала басшысы «оның жетеуі қазір жұмыс істеп тұр. Қалғанының құрылысы жыл соңына дейін аяқталады» деді.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2 мың орындық жаңа мектеп салу көзделген. Сондай-ақ жеке инвесторлардың қаражаты есебінен «Думан» шағынауданында 2 білім беру нысаны бой көтермек. Бұл жобалардың құрылысы алдығы жылы басталмақ. Қала әкімі Ерболат Досаев өз баяндамасында аулаларды абаттандыру мен өзен аңғарларын ретке келтіру жұмысына да тоқталды.

– Медеу ауданында жайлы қалалық орта құру үшін 122 жоба іске асырылуда. Бүгінгі таңда 15 аула аумағы абаттандырылды, 7 үйдің фасады жаңартылды, 13 жерүсті және жаяу жүргіншілер өткелі жөнделді. Төрт автоматты суару жүйесін қайта жөнделіп, 2 қоғамдық кеңістік абаттандырылды. Қалған 81 жоба бойынша жұмыс қазанда аяқталады, – деді қала әкімі.

Кездесуді төмендегі сілтеме арқылы көре аласыз: