Алматы әкімі Ерболат Досаев Әуезов ауданы тұрғындарымен кездесті

YouTube
YouTube
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Әуезов ауданында биыл 18 көше жөнделіп, 120 аула абаттандырылады. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев жергілікті халықпен кездесуінде мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Шаһар басшысы жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша жұмыстар белсенді жүргізіліп жатқанын атап өтті. Былтыр ұзындығы 11,4 километр көше жөнделсе, биыл көрсеткіш 13,3 шақырымды қамтыған. Сондай-ақ жиында Әуезов ауданының келер жылдың соңына дейін 100 пайыз сыртқы жарықпен қамтамасыз етілетіні сөз болды. Нәтижесінде 310 жаңа жарықтандыру тірегі орнатылып, 35,5 шақырымға созылған ескі кабель желілері ауыстырылады. «Тұрғындарды сапалы инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету – әкімдік жұмысындағы басты міндеттердің бірі» деген шаһар басшысы келер жылдың соңына дейін 12 мың тұрғын сапалы ауыз сумен қамтылатынын жеткізді.

– Төле би және Ұлықбек көшелерінде 5 км су құбырын төсеу жұмыстары аяқталды. Сондай-ақ «Восход», «Садовод», «Ветеран» бау-бақша серіктестіктеріндегі 8 көшедегі 5,2 км сумен қамту және су бұру желілерінің құрылысы бітті. Сумен117 жеке үй мен 470 тұрғын қамтылады. Айдың соңына дейін тұрғындар қалалық желілерге қосылады, – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Бұл бағыттағы жұмыстар Мамыр-4 шағынауданында, Саин және Төле би көшелерінінің белгіленген аумақтарында да жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін 30 жыл бұрын салынған 6,5 шақырымдық жылу желісі қайта жаңғыртылатыны айтылды. Қала әкімі Ерболат Досаев инфрақұрлымды дамыту үшін бөлінген бюджет маусымда 25 пайызға ұлғайып, 45 миллиард теңгеге жеткенін де хабарлады. Сонымен қатар кездесуде Сайран көлінің 47 гектар аумағын абаттандыру 2024 жылдың соңына дейін аяқталатыны сөз болды. Аудандағы Қабдолов көшесінің бойында, нақтырақ айтсақ, Саин және Өтеген батыр көшесінің аралығында жалпы ұзындығы 1,5 километр серуендеуге арналған алаң салу жоспарланып отыр. Ал оқу ошақтарындағы орын тапшылығын жою үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында №97 білім ордасының апатты деп танылған ғимаратының орнына 600 орындық жаңасы салынған. Бұл мектеп жаңа оқу жылы басталғанда ашылса, №9 білім ордасының ғимараты биыл тамызда пайдалануға берілмек. Бұдан бөлек, тағы 2 мектепте құрылыс жүргізу жоспарланып отыр.

– №72 мектептің ескі ғимаратын бұзып, жобалық қуатын 380-нен 1200-ге дейін арттыруға мүмкіндік беретін жаңа мектеп салынады.  Бүгінгі таңда ЖСҚ әзірленуде. 2025 жылдың 2-тоқсанында құрылысты бастап, 2026 жылдың 1-тоқсанында аяқтауды жоспарлап отырмыз. №42 мектепке 300 орындық қосымша құрылыс салуды жоспарға енгізілді. Осы жылы қыркүйекте мемлекеттік сараптаманың қорытындысы күтілуде, құрылыс жұмыстарын келесі жылдың бірінші тоқсанында бастап, 2025 жылдың соңына дейін аяқтаймыз, – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Кездесуді төмендегі сілтеме арқылы көре аласыз:

Новости партнеров