Алматының Алмалы ауданындағы тозығы жеткен электр желілері жаңартыла бастады. Қала билігі 6 қосалқы стансаны модернизациялап, 19 шақырым кабельді ауыстырды. Жыл соңына дейін тағы 28 станса мен 50 шақырым кабель желілері жөндеуден өтпек. Бұл туралы жергілікті халық алдында есеп берген шаһар басшысы Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұған дейін «Алатау жарық» компаниясы ауданда ескірген желілерінің үлесі 81 пайыз деп бағалаған еді. Салдарынан жыл басынан бері 93 авария тіркеліпті. Енді қолға алынған шаруалардың нәтижесінде ауданда электр желілерінің тозуы 61 пайызға дейін төмендемек. Сондай-ақ қала әкімі биыл 3,5 шақырымнан астам су құбыры мен 1,2 километр жылу желілері жаңартылып, 1,6 шақырым кәріз желісінің құрылысы аяқталатынын мәлімдеді. Ал маусым айынан бастап аудандық маңызы бар 11 және 5 магистральді көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Бұл мақсаттарға жергілікті бюджеттен 4,3 миллиард теңге бөлініп отыр.
– Децентрализация аясында биыл аудан әкімдіктері жолдарға жөндеу жұмыстарын жүргізе бастайды. Бұл үшін Алмалы ауданына 500 млн теңге бөлінді, яғни 46 мың шаршы метр жол төсемін жөндеуге мүмкіндік береді. Биыл маусым айында Байтұрсынов пен Досмұхамедов көшелерінің арасындағы Әйтеке би көшесінің бойына тротуар орната отырып, жолды ұзартуды жоспарлап отырмыз, – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
«Ауданда жиі көтерілетін мәселелердің бірі – жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету» деді Ерболат Досаев. Сондықтан бірнеше көшеде 3 жаңа бағдаршам мен 10 жаяу жүргіншілер өткелін салу жұмыстары қолға алынған. Бұл шаруа осы жылдың қарашысында бітеді. Қазір ауданда 37 мың оқушы бар. Алайда мектептерде орын тапшылығы 1 мыңнан асады. Мәселені шешу үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Райымбек даңғылы мен Әуезов көшесінің қиылысында 1,5 мың орындық жаңа мектеп салынып, келесі жылдың соңында қолданысқа беріледі. Бұдан бөлек, Абай-Масанчи көшесіндегі бұрынғы теміржол ауруханасын тарихи келбетін сақтай отырып жөндеу жоспарланыпты. Онда құрылыс аяқталған соң заманауи «Қалалық балаларды оңалту» орталығы ашылады.
– Әкімдік 2023 жылдың соңына дейін тағы екі жобаны әзірлеп отыр. Оның ішінде Әйтеке би көшесіндегі ревмотологиялық орталықтың ескі ғимаратының орнына 500 келушіге арналған жаңа емхана салу және Райымбек даңғылы 312 мекенжайында психикалық дамуы тежелген балаларға арналған бассейні бар спорт орталығының жобасы. Екі объектінің құрылысын 2024 жылдың көктемінде бастауды жоспарлап отырмыз, – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.