Алматы автопарктерінде түнгі кезекшілік ұйымдастырылды

қала әкімдігінің баспасөз қызметі
қала әкімдігінің баспасөз қызметі
Қоғамдық көлік үзіліссіз қызмет көрсетіп жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ауа температурасының күрт төмендеуі мен 12 желтоқсанда жауған қалың қарға қарамастан қоғамдық көліктің шығуы 91% болып, үзіліссіз жұмыс істеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұған дейін қалалық Мобильділік басқармасының нұсқаулығымен қаладағы тасымалдаушы мекемелер көлік құралдарын қысқы кезеңге дайындау бойынша қажетті іс-шара жүргізген еді. Алайда автобустарды жолға шығару кезінде ауа райына байланысты техникалық ақаулар анықталып жатты. Сол себепті автобустардың бір бөлігі қызмет көрсетуге жарамсыз болды.

Бұл ретте тасымалдаушылар тарапынан ақауды жою бойынша қажетті шаралар қабылдануда. Барлық автопаркте кезекшілік ұйымдастырылып, жауапты қызметкерлердің жұмысы күшейтілді. Түнде желіге уақтылы шығу үшін қозғалтқышты бірнеше рет жылыту жүргізіледі.

Айта кету керек, рейстердің жүйелілігіне қала бойынша орын алған үлкен кептелістер де әсерін тигізді. Коммуналдық қызметтер қаланың барлық аумағында қар тазалау және жолдарды тазалау жұмысын қарқынды жүргізуде. Синоптиктердің айтуынша, бір күнде жауын-шашынның айлық мөлшерінің 28%-ы түскен. Бүгінде Алматыда 176 тұрақты қалалық және қала маңындағы маршруттар бар. Барлығы 2297 бірлік автобус пен троллейбус қызмет көрсетеді. Маршруттарға "Алматыэлектротранс" ЖШС 23 жеке және 1 коммуналдық автобус паркі қызмет көрсетеді.

Биыл газбен жүретін 600 автобусы мен 100 троллейбус сатып алынды. Сондай-ақ жеке автопарктер де қосымша жылжымалы бірліктерді сатып алуда. Бұл шара қаланың қолданыстағы автопаркін айтарлықтай жаңартуға мүмкіндік береді.

Новости партнеров