Алматы әкімі Б. Сағынтаев жұмыс сапары барысында Аюсай өзенінің сағасынан төмен Ақсай мен Үлкен Алматы өзендері бассейндеріндегі селден қорғайтын бөгеттердің құрылысымен танысты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Үлкен Алматы мен Ақсай өзендерінің жоғарғы ағысында 114 мұздық пен 35 мореналық көл бар. Су арнасынан тасыса 5 мыңнан астам нысан мен 40 мыңнан астам адам қауіпті аймақта қалуы мүмкін.
Бұл бөгеттер мегаполистің Наурызбай, Әуезов пен Алатау аудандарының тұрғындары мен нысандарын қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Құрылыстың аяқталу мерзімі – 2023 жыл.
Б. Сағынтаев сумен жабдықтау мен су бұру инженерлік желілерінің құрылысы, сондай-ақ Таужолы ықшам ауданындағы жолдың қалай қалпына келтіріліп жатқанын тексерді.
«Тұрғындар желі тартылған Досмұхамедов магистралды көшесінің жағдайына алаң. Жолды қалпына келтіруді бастау үшін мұнда қалған 40 үйдің иесі желіге қосылуды тездетуі тиіс. Қазірдің өзінде мердігер дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр», – деп жазды қала әкімі өзінің Instagram-дағы парақшасында.