Алматылықтар «Жасыл аула» науқаны арқылы тегін көшеттер алды

қала әкімдігінің баспасөз қызметі
қала әкімдігінің баспасөз қызметі
Жыл сайын аумақтардың аулаcын көгалдандыруға ниет білдірушілер саны артып келеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Алматы - біздің ортақ үйіміз» кампаниясы аясында Алматы қаласы Экология және қоршаған орта басқармасы өтінімдер бойынша көшеттерді таратты, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Жасыл аула» науқаны аясында көшеттер көпқабатты үйлердің ауласы мен қоғамдық кеңістіктерде отырғызу үшін берілді.

ЖТҚ жеке секторы мен бау-бақша серіктестіктерінің, сондай-ақ заңды тұлғалардың аумағында отырғызу үшін көшеттер беру көзделмеген.

Науқанның бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша 500-ге жуық өтінім келіп түсті, оның 200-ден астамы мақұлданды. Қала тұрғындары 2 мыңнан астам күл, тал, катальпа, гибискус, алма және қарағаш көшеттерін тегін алды.

Жыл сайын көппәтерлі үйлер мен жалпы аумақтардың аулаcын көгалдандыруға ниет білдірушілер саны артып келеді. Жыл сайын «Жасыл аула» науқанына қатысатын тұрғындар бар.

«Мен Түрксіб ауданы, «Жұлдыз» шағынауданында тұрамын. Мен өз ауламды көгалдандыру үшін түрлі көшеттің 15 данасын алдым. Бұл акцияға қатысу - үлкен жауапкершілік, өйткені ағашты күтіп-баптау және өсіру қажет. Біз қаланың жасыл қорын дамытуымыз керек, осындай іс – шаралар көбірек болса деген қалауым бар», - деді Түрксіб ауданының тұрғыны Алена Баркалова.

Екінші кезеңде көшеттерді тарату 20-21 сәуірде сағат 10:00-ден 15:00-ге дейін Алматы қаласы, Әуезов ауданы, Юрий Ким көшесі, 9-үй («Eco Almaty» ЖШС) мекенжайы бойынша жүргізіледі. Анықтама телефондары: +7 707 546 1770, +7 727 390 41 17. Қоңыраулар жұмыс күндері сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін қабылданады.

Новости партнеров