Алматыдағы Түрксіб ауданын электрмен жабдықтау жұмыстары қалай жүріп жатыр

22.09.2022 14:30

Осы жылдың соңына дейін әлі жарық жүргізілмеген 100 көшеде сыртқы жарық орнатылады

m-e-g-a.ru


Алматы әкімі Ерболат Досаев Түрксіб ауданы тұрғындарымен кездесуінде ауданды электрмен жабдықтау жұмыстары қалай жүріп жатқанын айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv.

"Өткен кездесуде сіздер «Шуақты», «Нұршашқан» , «Әлмерек» және «Қайрат» шағынаудандарында үнемі жарықтың сөніп қалатынын айттыңыздар. Оның негізгі себептері желілердің тозуы және қуаттың жетіспеуі болып табылады", - деді қала әкімі.



Оның айтуынша, аталған мәселелерді шешу үшін жұмыс екі бағытта жүріп жатыр.

1) Қазіргі таңда 4,2 км электр желісі  реконструкцияланды. Жылдың соңына дейін 11 км-ге дейін жеткізу жоспарланған. Осылайша, «Шуақты» және «Нұршашқан» шағынаудандардағы ескі электр желілерін жаңарту аяқталады. 2023 жылдың I-тоқсанында «Әлмерек» және «Қайрат» шағынаудандарында осындай жұмыстар басталады.

2) Қазіргі уақытта жеткілікті қуатты қамтамасыз ету үшін «Тұздыбастау» подстанциясы салынып жатыр. Объектіні 2023 жылдың II-тоқсанында пайдалануға беру жоспарланған. Содан кейін осы шағынаудандарды тұрақты электрмен қамтамасыз ету мәселесі толығымен шешілетін болады.

Бұдан басқа, осы жылдың соңына дейін әлі жарық жүргізілмеген 100 көшеде сыртқы жарық орнатылады.