Қазірдің өзінде 21 мыңнан астам билет сатылған
23 қыркүйекте Алматы қаласында әнші Димаш Құдайбергеннің Stranger атты алғашқы жеке концертін береді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі HalyqUni-не сілтеме жасап.
Бұл туралы әнші Instagram-да хабарлады.
"Бұл - менің оңтүстік астанада ұйымдастырылатын алғашқы жеке шығармашылық кешім. Шоу Қазақстандағы ең ірі спорт ғимараттарының бірі Орталық стадионда өтеді. Құрметті тыңдармандарыммен туған елімде қайта кездесетініме қуаныштымын", – деді Димаш Құдайберген.
Қазір әншінің Алматының орталық стадионында өтетін жеке ән кешіне арналған билеттердің 90 пайызы сатылып кеткен. Алматыға әншінің шетелдегі тыңдармандары да көптеп келіп жатыр. Қолда бар дерекке қарағанда, қазірдің өзінде 21 мыңнан астам билет сатылған. Бұл – жалпы билет санының 90%. Ол тек концерт өтетін Орталық стадиондағы негізгі орын ғана. Одан бөлек фанаттар аймағында, яғни сахна алдында тағы 10 мыңға жуық көрермен концертті тамашалай алады.
Онлайн билет сататын компанияның бас директоры Виктория Торгунакованың айтуынша, билеттің бағасы 8-10 мың теңгеден басталып, сахнаға жақын орындардың бағасы 40 мың теңгеге дейін жетті.
"Қазір фанаймақта 10 мың теңгелік және қымбат орындардың билеттері ғана бар. Билет сатылымға шыққан күннен бері сатып алушылардың саны артып жатыр. Әлемге танымал өнер иесінің шетелдік жанкүйерлері де аз емес. Сатылған билеттердің 5 мыңға жуығын өзге елдің тыңдармандары сатып алған. Щвейцария, Франция, Украина, Қытай, Катар, АҚШ, Бразилия және Аргентина сынды жалпы саны 50 елдің азаматтары концертке билет алыпты. Тіпті бірқатар қонақ үйлерде қазірдің өзінде бос орын қалмаған", – деді ол.
Алматы қалалық туристік ақпараттық орталық директорының орынбасары Бауыржан Пазылхайырдың айтуынша, әншінің концертіне билеттер 14 шілдеден бастап саудаға шығарылған. Алғашқы екі тәулікте 10 мыңнан аса билет сатылыпты. Сондықтан Димаш Құдайбергеннің концерті көрерменнің көптігімен рекорд жаңартуы мүмкін.
Димаш Құдайбергеннің жеке концерті 23 қыркүйек күні кешкі сағат 20.00-де Орталық стандионда басталады.