Алматы қаласы әкімі Ерболат Досаев Әуезов ауданы халқымен кездесуінде ауданды сумен жабдықтау және канализация жұмыстары қалай жүріп жатқанын айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қала әкімінің айтуынша, жыл басынан бері 4 жерде 185-тен астам авария болған. Сондықтан әкімдік осы учаскелердегі инженерлік желілерді жаңғырту мәселесін ерекше бақылауға алды. Бұл – Достық, Мамыр-4 шағынаудандары және «Саин Шаляпин-Жандосов-Қарғалы өзені» көшелері, сондай-ақ Арычная, Ықылас, Западная көшелерінің учаскесі.
"Менің тапсырмам бойынша биыл сәуір айынан бастап осы шағынаудандар мен учаскелерде жалпы ұзындығы 75,8 км сумен қамту және су бұру желілерін (сумен қамту – 29 км, су бұру – 46,8 км) салу және жаңарту жобасы әзірленіп жатыр. 2023 жылдың қаңтар айында жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуді аяқтап, мемлекеттік сараптамаға жіберу жоспарланған", - деп мәлімдеді Досаев.
Оның айтуынша, сараптамадан шыққаннан кейін және жаңа құрылыс маусымы басталған кезде 2023 жылдың II-ші тоқсанында құрылыс-монтаждау жұмыстары басталады.
Осы жобаларды іске асыру 2024 жылдың IV-тоқсанына қарай барлық 4 учаске бойынша 11 мыңнан астам абонентті сапалы сумен және канализациямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.