Былтыр Жетісу ауданында жарықтанбаған 49 көшеде жұмыс аяқталып, 5 көшедегі жарық жаңартылды. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев халықпен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
"Аудан тұрғындарын тұрақты электрмен қамту және сапалы көше жарығымен қамтамасыз ету әкімдік жұмысының маңызды бағыты болып қала бермек. Өткен жылы Палладин – Павлодарская – Боралдай көшелерінде тозған (80%-і тозған) электр желілері жаңартылып, Таймырская көшесінде 1 мыңнан астам абонент үздіксіз электрмен қамтамасыз етілді (12 км кабель жүргізілді). Осы жылдың соңына дейін Кемел шағынауданында 3 мыңнан астам абонент үшін 43,5 км электр желісін жаңартуды аяқтауды жоспарлап отырмыз (жұмыстардың 40%-і орындалды). Көшелерге жарық жүргізу мәселелеріне келетін болсақ, былтыр ауданның бұрын ішінара жарықтанбаған 49 көшесінде жұмыстар аяқталып, 5 көшедегі жарық жаңартылды. Бұл жұмыстар жалғаса береді. 2023 жылы тағы 101 көшені жарықтандыру бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу жоспарланған", - деді Ерболат Досаев.