Қала әкімі қазан айының соңына дейін аяқталатын жобаларды да айтып өтті
Қала әкімі Ерболат Досаев Жетісу ауданы тұрғындарымен кездесуінде «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша іске асырылып жатқан жобалар туралы айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қала әкімінің айтуынша, бағдарлама бойынша 8 жоба іске асырылды.
"3 аула алаңына, 2 скверге жөндеу жүргізілді. Жабық теннис және шахмат алаңдары, баскетбол алаңы салынды, футбол алаңдары жөнделді. Құлагер шағынауданындағы Арбатты балалар ойын кешендерімен толтыру аяқталды. Великолукская көшесі және Рысқұлов даңғылы, Крылов бұрышында 2 жаңа жаяу жүргіншілер аймағы құрылды", - деп мәлімдеді Ерболат Досаев.
Оның айтуынша, биыл қазан айының соңына дейін тағы 13 жоба аяқталады. Ұзындығы шамамен 1
км болатын 2 жаңа жағалау (Есентай өзенінің бойымен Черновцкая көшесі және Қарасу өзенінің бойымен
Омаров көшесі), Құлагер шағынауданында ұзындығы
40 м және биіктігі 4 м болатын барлық маусымға жарамды сырғанақ, Рабочий посёлокта
жаңа демалыс аймағы салынады және 9 аула жөнделіп, жаңа балалар алаңдары
орнатылады.