Сонымен қатар заңсыз айналымнан 36 бірлік атыс қаруы мен 1 мың 476 оқ-дәрі тәркіленді
Алматыда өткен тәуілікте 14 қылмыс болды. Бұл туралы «Алматы» телеарнасының тікелей эфирінде қалалық Полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Өткен тәуілікте қаламызда 14 қылмыс болды. Оның бәрі ізі суылмай ашылды. Полиция жасақтары Алатау және Медеу аудандарында профилактикалық және іздестіру шараларын өткізді», – дейді Қанат Таймерденов.
Оның айтуынша, қалада сақтық шаралары барынша қолға алынды.
«Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтарын сақтауға, заңдылықты орнатуға ішкі істер органдарының қызметкерлері және әскери жасақтар жұмылдырылды. Сақтық шаралары барынша қолға алынды», – дейді ол.
Елде дүрбелең тудырып, нысандарды қиратып, тонады деген күдікпен қазіргі уақытта 1 678 адам ұсталды.
Заңсыз айналымнан 36 бірлік атыс қаруы мен 1 мың 476 оқ-дәрі тәркіленіп, Алматының шетінде орнлаласқан 5 блок-бекетте 38 адам ұсталды.
«102» пультіне 881 хабарлама келіп түсті. Комендатураның Call-орталығына азаматтардан жедел әрекет етуді талап ететін 136 қоңырау қабылданды. Барлық хабарлама өңделді.
Қазақстан Республикасының «Төтенше жағдай туралы» заңына сәйкес, орындалуы тиіс бірқатар басты және уақытша шектеулер қарастырылған.
«Осы уақытта жасалған құқықбұзушылықтар үшін жауапкершілік едәуір қатаң болады. Мен Алматы қаласының коменданты ретінде азаматтарға сақтық шаралары жайлы үндеу жасаймын. Араңдатушыларға ермей, тек ресми дереккөздерден алынған ақпараттарды қолданыңыздар. Заң талаптарын қатаң сақтап, қолданылып жатқан шараларға түсіністікпен қарауларыңызды сұраймын», – дейді Қанат Таймерденов.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығымен Алматыда коменданттық сағат енгізілді.