Алматының Наурызбай ауданында тұрғындарды сапалы және үздіксіз сумен қамтамасыз ету бойынша үлкен жұмыс атқарылды. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев қала тұрғындарымен кездесуде айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
"Ақжар шағынауданының 35 мың тұрғынын ауызсумен қамтамасыз ету үшін Ақсай негізгі су көзінің құрылысы аяқталғанға дейін осы жылдың наурыз айында Алатау даңғылы мен каскадты сорғы станциясы бойынша магистральдық су құбырының құрылысын бастадық. Бұл жобаны маусым айының соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз", - деді қала әкімі.
Оның айтуынша, Ақжар, Қарағайлы, Тастыбұлақ және Таусамалы сияқты 4 шағынаудандарда сумен жабдықтау және кәріз желілерін жобалау жұмыстары жалғасуда. Нәтижесінде, 2025 жылдың соңына дейін 335 км сумен жабдықтау және кәріз желілері салынады.