Алматыдан 30 тоннадан астам гуманитарлық көмек Атырау облысына жөнелтілді

қала әкімдігінің баспасөз қызметі
қала әкімдігінің баспасөз қызметі
Жәрдем қолын созуға қала тұрғындары, кәсіпкерлер және белсенді жастар атсалысты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылықтар су тасқынынан зардап шеккен Атырау облысының тұрғындарына 30 тоннадан астап гуманитарлық көмек жинады. Оның ішінде 12 тонна азық-түлік, 10 тоннаға жуық киім, 7,2 тонна гигиеналық заттар, 2 тоннадан астам тұрмыстық заттар, 200 килограмнан астам дәрі-дәрмек және т.б. заттар бар, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алмалы ауданы комьюнити орталығында ашылған кабылдау пункті 29 наурыздан бастап жұмыс істеді. Жәрдем қолын созуға қала тұрғындары, кәсіпкерлер және белсенді жастар атсалысты.

Гуманитарлық көмек қабылдау пунктінің жұмысына қаланың 30-дан астам ірі волонтерлік ұйымынан 150-ден астам ерікті жұмылдырылды.

«Су тасқынынан зардап шеккен аймақтар қазіргі ахуалды және қандай заттар қажет екенін хабарлап, бізге барлық ақпаратты жолдап отырады. Алдыңғы аптада біз Орал қаласына 10 тонна гуманитарлық көмекті табыстап қайттық. Ал қазір Атырау облысына гуманитарлық көмек жинап, жіберіп жатырмыз. Атырау облысына жиналған заттардың бір бөлігін Air Astana және Fly Arystan компаниялары, екінші бөлігін қаламыздың кәсіпкерлері жүк көлігімен тегін жеткізіп беруге ниет білдірді. Гуманитарлық көмекті жинауға атсалысқан барша алматылыққа ерекше алғыс білдіремін», - деді Алматы қаласы волонтерлер фронт-офисының жетекшісі Бағдат Анарбаева.

Алмалы ауданының комьюнити орталығында ашылған гуманитарлық көмек қабылдау пункті жұмысын жалғастыра береді. Жұмыс уақыты демалыссыз: 10:00-ден 19:00-ге дейін.

Айта кету керек, алматылық еріктілер осыған дейін Қазақстанда және әлемде болған табиғи апаттар кезінде де үнсіз қалмай, қолдан келген көмегін аянып қалған емес. Былтыр Түркиядағы жойқын жер сілкінісінен зардап шеккендерге 50 тонна, ал Абай облысындағы қызыл жалынның салдарынан қиындық көрген тұрғындарға 5 тоннадан астам гуманитарлық көмек жинады. Одан өзге еріктілер фронт-офисі демеушілер тарта отырып, бір жылдың ішінде 10 мың аз қамтылған отбасыға, 350 жетім балаға, 800-ден астам қартқа көмек көрсеткен.

Новости партнеров