Алматының Бостандық ауданының инженерлік инфрақұрылымы қалай дамып жатыр

06.09.2024 14:51

Бұл 80 мыңға жуық аудан тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді

Almaty TV

Алматы әкімі Ерболат Досаев Бостандық ауданының тұрғындарымен кездесу барысында инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту барысы туралы баяндады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Биыл шілдеде Жароков, Науаи, Тимирязев, Сәтбаев, Марков көшелері мен Алмагүл шағынауданында 6,3 км су құбырды жаңғырту жұмыстары аяқталды. Бұл 80 мыңға жуық аудан тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Осы жылдың қазан айында Жандосов, Бұқар Жырау, Тимирязев көшелері мен Орбита-2 шағынауданында тағы 1 км су және кәріз желілерінің жаңғырту жұмыстары аяқталады.

2025 жылдың ІІ тоқсанында Ерменсай шағын ауданын тұрақты сумен қамтамасыз ету үшін жаңа су жинағыштың құрылысы жоспарланып отыр. Сондай-ақ сол кезеңде Нұрлытау шағын ауданында 62 км су және 34 км кәріз желілерін салу басталады. Бұл жобалар Бостандық ауданының оңтүстік бөлігіндегі 25 мыңнан астам тұрғынды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар, жылыту маусымы басталғанға дейін Қожанов, Серкебаев, Есқараев, Байқадамов, Жандосов, Манас, Байзақов көшелерінде және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аумағында 5,3 км жылу желілерін қайта жаңарту аяқталады.

Оқи отырыңыз: Алматының Бостандық ауданында қанша жұмыс орны ашылды