Электр желілері мен трансформаторлық қосалқы станцияларды жаңғырту – басты міндеттің бірі

25.07.2024 14:57

Жұмысты биыл қыркүйек айының соңына дейін аяқтау жоспарланған

қала әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматы әкімі Ерболат Досаев Наурызбай ауданы тұрғындарымен кездесуде электр желілері мен трансформаторлық қосалқы станцияларды жаңғырту аудандағы инженерлік инфрақұрылымды дамытудың маңызды міндетінің бірі болып қала беретінін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қазіргі таңда ауданның электр желілерінің 85%-ы толығымен тозған, сондықтан апаттық өшулер жиі болып тұрады. Ауданды тұрақты электрмен қамтамасыз ету үшін 2021 жылдың қыркүйегінде мердігер ұйым Ақжар, Қарағайлы, Құрамыс, Рахат, Таусамалы және Шұғыла шағынаудандарында электр желілерін жаңарту басталды. Алайда сол жылдың қараша айында жобаның қымбаттауына байланысты жоба тоқтатылды. 2023 жылдың маусымында түзетулерден кейін жұмыс қайта жанданды.

Жоба аясында жоспарланған 1231 тіректің 854-і орнатылып, 11,2 км электр желілері жаңғыртылды. Қосымша 26 трансформаторлық қосалқы станция орнатылады. Жұмысты биыл қыркүйек айының соңына дейін аяқтау жоспарланған. Соның нәтижесінде желілердің тозуы 30% азаяды.

«Алатау Жарық компаниясы» АҚ желісі бойынша 17 трансформаторлық қосалқы станция мен 98 км электр желісіне күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізілді. Жыл соңына дейін тағы 54 трансформаторлық қосалқы станция мен 150 км электр желілері жөнделеді.

Жыл басынан бері сапалы сыртқы жарықтандырумен қамтамасыз ету үшін 20 км-ден астам әуе және кабель желілері мен 2530 шам ауыстырылды. Жыл соңына дейін тағы 3 км әуе және кабель желілерін жаңғырту, сондай-ақ 3 мың шам мен 50 жарықтандыру тірегін ауыстыру көзделген. Сонымен қатар, жыл соңына дейін «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында аудандағы жарық орнатылмаған қалған 35 көше мен тұйық көшелерге сыртқы жарықтандыру желілерін жүргізу жоспарға енген.

Оқи отырыңыз: Алматының Наурызбай ауданы қалай дамып жатыр