2023 жылы Алматыда 334 ауқымды концерт өтіп, оларға 1,6 миллионнан астам адам келген. Қала алаңдарында, стадиондарда және ареналарда Қазақстанның белгілі әртістері ғана емес, әлемдік деңгейдегі жұлдыздар да өнер көрсетті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Олардың арасында 50 Cent, Akon, Lara Fabian, Ne-Yo, Таркан, Outlandish, Arash және басқа да көптеген әнші бар. Айтпақшы, өткізілген іс-шаралардың 86%-ын коммерциялық және жеке компаниялар ұйымдастырған.
«Шынында да, 2023 жыл мәдени іс-шараларға толы болды, қаламызда көптеген танымал әртіс келді. Егер қорытындыласақ, Алматыда шетелдік әншілердің 47 концерт және отандық артистер 287 концерт қойған. Бұған қоса, ауқымды іс-шаралар, соның ішінде халықаралық фестивальдар өткіздік. Тұжырымдамалық тұрғыдан қарастырсақ, онда біздің әрбір іс-шарамыз жеке брендке айналып, өз көрерменін тартады. Қала әкімі мәдени астанамыз тұрғындар мен қонақтарды қызықты жобалармен қуантып, оқиғалы туризмді дамытуға жағдай жасау міндетін қойып отыр», - деді Алматы қаласы мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев.
Айта кетейік, 2023 жылы 19 жылдық үзілістен кейін «Азия Дауысы» халықаралық музыкалық фестивалі өтті. Іс-шара ясында отандық орындаушылар да, әлемдік деңгейдегі шетелдік артистер де үш күн бойы өнер көрсетті. Фестивальдің хедлайнері әйгілі американдық The Black Eyed Peas тобы болды. Сонымен қатар былтыр The Spirit of Tengri заманауи этникалық музыка фестивалі, сонымен бірге, «Наурыз фест», «Алматы, люблю тебя», «Туған күніңмен, Алматы», «Сағындым Алматымды» және «Зимний Новогодний фестиваль» өтті. Барлық фестиваль мегаполис тұрғындары мен қонақтарының көңілінен шықты.
«Мегаполисте ауқымды іс-шараларды өткізу оң экономикалық әсер етеді. Бұл жаңа уақытша жұмыс орындарын құру, көптеген турист тарту, оқиғалы туризмді, қонақ үй бизнесін, мейрамханалар мен жергілікті бизнесті дамыту. Ең бастысы, жас артистерге белгілі жұлдыздармен бір сахнада өнер көрсету мүмкіндігі, бұл олардың аудиториясын кеңейтуге, өнерін ұштауға септігін тигізеді. Біз барлық артистер мен іс-шараларды ұйымдастырушыларға 2023 жылы бірлесіп жұмыс істегендері үшін алғыс айтамыз және көрермендер үшін 2024 жылға арналған мәдени мазмұнды бағдарлама дайындап жатырмыз», - деді Алматы қаласы мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев.
Бұған қоса, өткен жылы мәдениет басқармасы Open air форматында іс-шаралар – фестивальдар, көрмелер мен концерттер ұйымдастырды. Бұл тек орталық алаңдарды ғана емес, сонымен қатар әр ауданды да қамтыды. Осылайша, қала тұрғындары үшін концерттерге тегін бару мүмкіндігі қосымша жасалды.