Бүгін Алматы әкімі Ерболат Досаевтың Алатау ауданы тұрғындарымен кездесуі барысында инженерлік инфрақұрылым мәселесіне тоқталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның айтуынша, қазіргі таңда «Ақбұлақ», «Өжет» және «Самғау» 3 шағынаудан бойынша сумен қамту желілері салынып, оларды іске қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Қосымша 6 шағынауданда жалпы ұзындығы 207 км болатын орталық сумен қамту және су бұру желілері салынып жатыр. Осы жылдың соңына дейін Шапағат, Қарасу, Алғабас шағынаудандарының тұрғындары су құбыры желілеріне қосыла алады», – деді қала әкімі.
Сондай-ақ, 10 канализациялық сорғы станциясы және Шаңырақ-1 шағынауданында сумен жабдықтау және су бұру жұмыстарын тездетіп аяқтауды жоспарлап отыр. Қалған шағынаудандар бойынша жұмыстарды 2023 жылдың желтоқсан айында аяқтау жоспарда бар.
Сонымен бірге, осы жылдың қыркүйек айында Теректі шағынауданында 44 км су және 32 км канализация желілерінің құрылысы басталады. Осы жұмыстар 2024 жылдың желтоқсанына дейін жүргізіледі.
Бүгінде су канализация жүйесінің жұмыс істеуі үшін ауданда 18 канализациялық сорғы станциясын салу қажет.
Алматы қаласының әкімдігі осы станцияларды салу және іске қосу үшін кедергі келтіретін құрылыстар орналасқан жер учаскелерін кезең-кезеңімен алу туралы шешім қабылданды.
Қазіргі уақытта Шаңырақ-2 шағынауданында 4 учаскені алу жұмыстары жүріп жатыр. 3 учаскеде жұмыстар жүргізілуде, жабдыққа тапсырыс берілді. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын осы жылдың желтоқсан айында аяқтау көзделген.
Канализациялық сорғы станцияларының құрылысы аяқталғанға дейін Алатау ауданының әкімдігі осы шағынауданда ассенизаторлық машиналарды пайдаланып, септиктер мен канализация жүйелерін тазалауды қамтамасыз етеді.