Алматыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алды

қала әкімдігінің баспасөз қызметі
қала әкімдігінің баспасөз қызметі
Ерболат Досаев 1931-33 жылдардағы ашаршылық құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоғын қою рәсіміне қатысты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу рәсімі өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жиынға қала әкімі Ерболат Досаев пен қоғам қайраткерлері, саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары, тарихшылар мен шаһар халқы қатысып, ескерткішке гүл шоғын қойды. Алдымен 1 минут үнсіздік жарияланып, құран бағышталды. Зұлмат жылдардың қасіретін ұмытпау міндеті деп білген көпшілік  бабалар рухына тағзым жасады.

– Бүгін өте ауыр күн. Атамыз Шанин Жұмат Тұрғынбайұлы азаматтардың арасында 1938 жылы атылып кетті. 31 мамырда немерелері әрдайым жиналамыз, – деді Жұмат Шаниннің немересі Райхан Шанина.

Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні елімізде 27 жылдан бері аталып келеді. Өткен ғасырдың 30-жылдарының басында 3 миллионға жуық отандасымыз жаппай ашаршылықтың құрбаны болса, 100 мыңнан астам қазақ зиялысы қуғын-сүргінге ұшыраған. Оның 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді. Олардың ішінде Қазақстанның көрнекті ғылым және мәдениет қайраткерлері Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Мұхамеджан Тынышпаев, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин және т.б. бар.

– Қуғын-сүргінге ұшырағандар әділдік жолында құрбан болды. Іс-шара арқылы әділдікке қарай қадам жасап жатырмыз. Қуғын-сүргінге, ашаршылыққа қатысты құжаттардың жинағы шығып жатыр. Ашаршылыққа байланысты 10 том шықты. Ал қуғын-сүргінге қатысты 50 том шықты. Әлі 20 томы шығады, – деді тарихшы, ҚР ҰҒА академигі Хангелді Әбжанов.

Оқи отырыңыз: Президент: Біз өткен замандағы қасіретті оқиғалардан тағылым алып, оны ұлт жадында сақтай білуіміз керек

Новости партнеров