«Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқанының екінші аптасы: қала тұрғындарының бастамашыл топтарының қатысуы үшін орындар анықталды

Алматы әкімдігі / пресс-служба акима Алматы
Алматы әкімдігі / пресс-служба акима Алматы
Қатысушыларға қоқыс жинауға арналған сөмке, қолғап, тырма мен бояу сынды барлық қажетті керек-жарақ беріледі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

8 сәуірде басталған «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны қарқын алды. Егер бірінші аптада коммуналдық қызмет пен қалалық кәсіпорындар тазалық жүргізіп, төңіректі ретке келтірсе, екінші аптада мегаполис тұрғындарының өздері белсенділік танытады, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Біздің қала – біздің аула, біздің үй» атауымен науқанның екінші аптасы 15-21 сәуір аралығында өтеді. Бұл көшеттерді отырғызу кезеңі, аулалар мен ойын алаңдары жөнделіп, ретке келтіріледі. Аулалар мен шағын бақтарды көгалдандырғысы келетіндерге көшет, ал жеке үйлердің қоршауын сырлағысы келетіндерге бояу беріледі.

«Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқанына қатысуға және қаланы жақсартуға үлес қосуға ниет білдірген тұрғындардан өтініштің көп түсуіне байланысты Алматы әкімдігі халықтың бастамашыл топтарының қатысуымен жұмыс істеуге арналған орындардың тізбесін жасады.

Тізімге жолдар мен өзен арналарының жанындағы жекелеген учаскелер (Боралдай, Үлкен және Кіші Алматы және т.б.), бос тұрған жерлер мен ескі тұрғын үй аймақтары кірді. Бұл аумақтарда қоқыс жинау, жапырақтар мен бұтақтарды тырмалап жинау, көшет отырғызу, балалар ойын кешендерін, орындықтарды, қоқыс жәшіктерін, қоршаулар мен шағын сәулет нысандарды бояу қажет.

Бастамашыл топтың ерекше қолдауы ҰОС ардагерлері, қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандар тұратын жеке сектордың тұрғын үйлеріне қажет болады. Бұл учаскелерде іргелес аумақты қоқыстан тазарту, қоршауды, қақпаны бояу қажет болады. Мұқтаж адамдарға көмек көрсету  бойынша +7 776 211 11 03 WhatsApp нөміріне хабарласуыңызды сұраймыз.

Қатысушыларға қоқыс жинауға арналған сөмке, қолғап, тырма мен бояу сынды барлық қажетті керек-жарақтар беріледі. Өзіңізбен құрал-жабдық ала келсеңіз де болады.

Мекенжайы, жұмыс түрі мен телефон нөмірі көрсетілген орындардың тізбесі Алматы әкімдігінің www.аlmaty.kz  ресми сайтында жарияланған.

Естеріңізге сала кетейік, 8 сәуір мен 8 мамыр аралығында Алматы қаласында «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны жарияланды, оған Алматының әр тұрғыны мен қонағы қатыса алады. Науқан аясында саябақтарды, скверлерді, таулар мен су айдындары жағалауларын қоқыстан тазарту, көшет отырғызу, қалалық инфрақұрылымды (жолдарды, жер үсті және жер асты жаяу жүргіншілер өткелдерін, аялдама павильондарын, бағдаршамдарды, жарық беру құралдарын, көрсеткіштерді, қоғамдық дәретханаларды) ретке келтіру, балалар мен спорт алаңдарын, шағын сәулет нысандарын, қоршауларды сырлау және жөндеу, қоршаулар, мәдениет ескерткіштері мен тарихи нысандарды тазарту көзделген. Бір ай бойы науқан аясында шығармашылық іс-шаралар мен байқаулар өткізіледі.


Оқи отырыңыз: «Алматы - біздің ортақ үйіміз» науқаны аясында Баум тоғайында плоггинг өтті

Новости партнеров