Әл-Фараби даңғылы бойындағы Есентай өзені арқылы өтетін көпір жаңартылады

09.02.2023 15:14

Осы жылы аудан аумағында ұзындығы 15,5 км 31 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған

kursiv.kz

9 ақпанда Алматы әкімі Бостандық ауданы тұрғындарымен кездесіп жатыр. Кездесу барысында, мегаполистің жол инфрақұрылымын дамыту және қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның айтуынша, 2022 жылы Бостандық ауданында ұзындығы шамамен 23 км болатын 22 көшеге орташа жөндеу жүргізілген.

«Жалпы ауданы 8 мың шаршы метрден асатын 65 көшеге ағымдағы жөндеу жүргізілді. 4 км тротуар салынып, жөнделді. Осы жылы аудан аумағында бірінші кезеңде ұзындығы 15,5 км 31 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Әл-Фараби даңғылы бойындағы Есентай өзені арқылы өтетін көпір жаңартылып, 2 көпір мен ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған пандустар орнатылады. Қазір жобалау-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өтуде, осы жылдың ақпан айының соңына дейін шығады деп күтілуде», – деді қала әкімі.

Сонымен қатар, құрылыс-монтаждау жұмыстары биыл мемлекеттік сатып алу процедурасынан кейін басталатынын айтты.

«Өткен жылы желтоқсан айының басында Политехнический көшесінің жабылуы қоғамдық резонанс тудырды. Құрылыс салушы TUAR Invest компаниясының жобасы бойынша осы көшенің компанияға тиесілі бөлігі жабылды. Мұнда 2 тұрғын үйдің құрылысы жоспарланған. Құрылыс салушы жобаны өзгертті. Қазіргі уақытта көше ашық, компанияның өз қаражаты есебінен жол жабыны қалпына келтірілді. Осы ақпан айының соңына дейін жер учаскесі қаланың коммуналдық меншігіне беріледі», – деді Ерболат Досаев.