Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев тұрғындармен кездесу барысында айтты
Бостандық ауданында 6 жаңа мектеп салынады. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев тұрғындармен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Аудан мектептеріндегі оқушы орны тапшылығын азайту үшін 2022 жылы 3 мектепке (№146, 191, 125) 875 орындық қосымша құрылыс салу аяқталды.Әлеуметтік жауапкершілік шеңберінде «Базис» (ЖШС) компаниясы 2022 жылдың 1 қазанында №65 мектепке 300 оқушы орындық қосымша құрылыс салуға кірісті. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын осы жылдың тамыз айында аяқтау жоспарланған. №9 интернатқа қатысты жағдай бойынша. Естеріңізде болар, біз құрылыс жұмыстарын өткен жылдың қараша айының соңына дейін аяқтаймыз деп жоспарлаған болатынбыз. Әкімдік барлық қажетті қаражатты уақытында бөлді. Оның үстіне құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты біз 2022 жылдың қыркүйек айында жобаның сметалық құнына қайта есептеу жүргіздік. Өкінішке қарай, Түркістан облысынан мердігер болған «Barat&Co» салғырттығынан объект белгіленген мерзімде салынған жоқ. Мерзімді бұзу салдарынан 2022 жылдың 6 желтоқсанында Алматы қаласының экономикалық сотына Серіктестікті мемлекеттік сатып алудың жосықсыз өнім берушісі ретінде тану және аяқталмаған жұмыстар бойынша айыппұл өндіріп алу туралы арыз бердік. Сот отырысы бүгінге белгіленген, сот әділ шешім шығарады деп үміттенеміз. Бұдан басқа, қала құрылысын бақылау басқармасы «Barat&Co» компаниясын тексеруде. Дегенмен де, осы мектепке 120 орындық қосымша құрылыс пен асхана салу жұмыстарын осы жылдың сәуір айының соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Мен ол жерге бірнеше рет бардым, аталған мәселе менің жеке бақылауымда. Бүгінгі таңда жұмыстардың 80%-і орындалды», - деді Ерболат Досаев.
Сондай-ақ, әкімнің айтуынша мектепке дейінгі ұйымдардағы орын тапшылығы шешу үшін бірнеше балабақша салу жоспарланған.
«№145, №70 мектепті сейсмикалық күшейту жұмыстары жүргізілуде. Аяқталу мерзімі - осы жылдың тамыз айы. Аудан мектептері мен мектепке дейінгі ұйымдардағы орын тапшылығы проблемасын жүйелі шешу үшін 8600 орындық 6 жаңа мектеп және 980 орындық 4 балабақша, сондай-ақ 400 орындық 8 жеке меншік балабақша салу жоспарланған», - деді қала әкімі.
1. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 3 мектеп салу жоспарланған, олар: Егізбаев көшесі, 9 (2500 орын), Розыбакиев даңғылы - Левитан көшесінің бұрышы (1500 орын), Розыбакиев даңғылы - Қожабеков көшесінің бұрышы (2000 орын). Құрылысты осы жылдың қыркүйек айында бастау көзделген.
2. Жароков – Си Синхай көшелерінің бұрышында 1200 орындық (жергілікті бюджет есебінен, жер учаскелерін сатып алу жүргізілуде) және АDK сауда орталығы маңайындағы жеке тұрғын үйді бұзып, 900 орындық (Bazis-А ЖШС) екі мектеп салу мәселесі қаралуда. Инвестормен келіссөздер жүргізіліп, меморандум қол қою кезеңінде.
3. «РАМС Қазақстан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі осы жылдың соңына дейін Жандосов көшесі, 94 мекенжайында 1100 орындық мектеп, сондай-ақ 240 орындық 2 балабақша құрылысын аяқтайды.
4. Сонымен қатар, бұрынғы №1 балалар үйінің қолданыстағы ғимаратын 440 орындық балабақша етіп реконструкциялау туралы шешім қабылданды. Қазіргі уақытта жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын 2023 жылғы шілдеде бастап, 2024 жылдың II-тоқсанында аяқтау жоспарланған.
5. «Акварель» тұрғын үй кешенінде 300 орындық №189 балабақша пайдалануға берілді. Бүгінгі таңда жарақтандыру жұмыстары жүргізілуде. Балабақшаның ашылуы биылғы мамыр айына жоспарланған.
«Мектеп автобусы» жобасы аясында Бостандық ауданының аса мұқтаж 8 (№40, 88, 145, 183, 189, 190, 191, 199) мектебіне 19 автобус бөлінетінін хабарлағым келеді. №189, 190 мектеп бойынша автобустар биылғы наурыз айында іске қосылады, қалған 6 мектеп бойынша сәуір айында жүргізу жоспарланған. 986 бала қамтылады», - деді қала әкімі.