Түрксіб ауданын электрмен қамтамасыз ету жұмыстары қалай жүріп жатыр? Аудан тұрғындарымен кездесуінде қала әкімі Ерболат Досаев мәселенің қалай шешіліп жатқанын айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv.
«2022 жылдың маусым айында өткен кездесуімізде Жахангер көшесіндегі 22 үйді электрмен жабдықтау мәселесі айтылды. Қазіргі уақытта жаңа электр беру желісін салу жұмыстары аяқталды. Тұрғындар қалалық желілерге қосылып, үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз етілді. Осы жылдың соңына дейін «Шуақты» шағынауданындағы 5,5 км ескі электр желілерін жаңғырту жұмыстары аяқталады. Оның 5,3 км реконструкцияланды. 2023 жылдың басында дәл осындай жұмыстарды «Әлмерек» (23,5 км) және «Қайрат» (55,5 км) шағынаудандарында бастауды жоспарлап отырмыз», – деді қала әкімі Ерболат Досаев.
Сонымен қатар, қала басшысының айтуынша жыл соңына дейін Түрксіб ауданының 90%-ы жарықпен қамтамасыз етіледі.
«Қайрат» және «Нұршашқан» шағынаудандарында 2 400-ден астам абонентті жеткілікті үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін «Тұздыбастау» подстанциясы салынып жатыр. Жұмыстарды 2023 жылдың маусым айында аяқтау жоспарланған. Сондай-ақ, биыл жыл соңына дейін Бекмаханов (10,3 км) және Бұқтырма (7,3 км) магистральды көшелеріндегі сыртқы жарық желісін жаңғырту, сондай-ақ ауданның жартылай жарық жүргізілмеген 100 көшесіне шамдар орнату жұмыстары аяқталады. Нәтижесінде осы жылдың соңына қарай Түрксіб ауданының 90%-ы жарықпен қамтамасыз етіледі. Қайрат шағынауданындағы жағдайды жеке түсіндіріп өткім келеді. Бұған дейін әкімдік 3 мың пәтерге есептелген 41 тұрғын үйдің құрылысы осы жылдың соңына дейін аяқталатынын хабарлаған болатын. Алайда, 4 мердігердің (Сапа Құрылыс, EC Energy, Шах және Gas Energy) мерзімдерді созуына және жеткілікті ұтқырлық танытпауына байланысты инженерлік желілерді жүргізу, аула аумақтары мен кірме жолдарды абаттандыру жұмыстары аяқталмады. Менің шешімім бойынша технологиялық талаптарды сақтау үшін бұл жұмыстар қыс мезгілінде тоқтатылды. Яғни жұмыстар жаңа құрылыс маусымы басталған кезде жалғастырылатын болады.Осыған байланысты, тұрғындар жоғарыда аталған үйлерге 2023 жылдың мамыр айында кіреді, осы кезде 1500 орындық мектеп пайдалануға беріледі және қоғамдық көлік маршруттары іске қосылады», – деді Алматы әкімі Ерболат Досаев.