Сапалы инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету көзделеді
2024 жылы Алматы қаласының Әуезов ауданында инвестициялық бағдарламалар аясында 25 км электр желісін, 23 трансформаторлық және 1 тарату қосалқы станциясын жаңғырту жоспарланған. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев аудан тұрғындарымен кездесуде мәлімдеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
- Сапалы инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету біз үшін негізгі бағыттардың бірі. Былтыр тұрғындарды тұрақты электр қуатымен қамтамасыз ету бойынша жұмыс атқарылды. 30 км электр желісі ауыстырылды, 17 трансформаторлық және 69 тарату подстанциясы модернизацияланды, - деді қала басшысы.
Аудан әкімдерінің өкілеттіктерін кеңейту мақсатында жарық желілеріне қызмет көрсету жұмыстары әкімдердің құзыретіне берілді. Өткен жылдың қараша айында Әуезов ауданының әкімдігі «Алматы Қала Жарық» мекемесімен шарт жасасты. 3 айдың ішінде 9,5 км кабель желісі ауыстырылды, 471 шам орнатылды, 749 LED-шам ауыстырылды және 263 шам жөнделді.
- Биыл 42 км астам кабель желісі жаңартылып, 5 мыңнан астам жарық шамдарын LED-ке ауыстыруды жоспарлап отырмыз. Әуезов ауданын сапалы жарықпен толық қамту үшін наурыз айында 81 сыртқы жарық желісін салу үшін жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу басталады, - деді Ерболат Досаев.
Оқи отырыңыз: 2024 жылы Әуезов ауданында неше көшеге жөндеу жүргізіледі