Вокзал Мәдениет шағынауданы маңында салынады
Алматыда үшінші теміржол вокзалын салу жоспары бекітілді. Ол қаланың батыс бөлігінде Алатау ауданында бой көтермек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Соңғы жылдары мегаполис аумағы кеңейіп, қалаға бірнеше елдімекендер қосылып жатқаны белгілі. Қазіргі аумағы 70 мың 250 гектар. Тиісінше халық саны көп, көлік жүктемесі де аз емес. Қала әкімдігі үшін мегаполис агломерациясын дамыту – басты міндет. Үшінші вокзал салу – да осы кешен аясында жүргізілетін маңызды жұмыс.
– Биыл техника-экономикалық негіздемелер жасалып жатыр. Көлемі қанша болады, қаражат есептеледі. Келесі жылы вокзалдың құрылыс жобасы жасалады. Бекітілгеннен кейін жұмыс басталады. Батыс-солтүстік аймағында Алматы-3 темір жол вокзалын салу шешім қабылданды. Бас жоспарда ол қай жердегі аймақта салынатыны көрсетілді, – деді «Алматыбасжоспар» институтының ғылыми зерттеулер бөлімінің басшысы Жанат Айтілеу.
Жолаушылар қабылдайтын жаңа терминал Алатау ауданы Мәдениет шағын елдімекенінде салынады деп көрсетілген. Бұл қаланың батыс бөлігінде тұратын жолаушылар үшін ыңғайлы болмақ. Себебі шеткі аймақтағыларға қазіргі теміржол вокзалы алыс.
Бұл – Боралдай станциясына жақын мекен. Бұл теміржол торабы еліміздің оңтүстігі мен батысын жалғап тұрған күре жол болмақ. Үшінші вокзалды осы аймаққа салу жоспарланып отыр. Жоспар сәтімен жүзеге асса, Шығыс Қазақстан мен еліміздің батыс аймағын толығымен қамтитын теміржол торабына айналмақ.
Бүгінде Алматыдағы теміржол торабының жалпы ұзындығы - 69 шақырым. Ол торапқа Алматы-1 және Алматы-2 бекеттерін қоса алғанда, барлығы тоғыз станса кіреді.
– Алматы -3 вокзалын салу қай жағынан алсақ та тиімді. Қазіргі жұмыс істеп тұрған терминалдардың жүктемесі азаяды. Жаңадан қосымша жолаушылар пойыздары қосылады. Көлік-логистика саласы дамиды. Бұл қала экономикасына да оң әсер етпек. Нысан қаланың жергілікті бюджеті есебінен жүргізіледі. Темір жолдарды созу және кеңейтуді «Қазақстан темір жолы» міндетіне алады, – деді «Алматыбасжоспар» ғылыми зерттеулер институты ЖШС директоры Асхат Садуов.
Сондай-ақ бас жоспарда қаланың жол қозғалысын дамыту мақсатында бірнеше жобаны іске асыру көзделген. Соның бірі - Алматы-1 және Алматы-2 теміржол вокзалдарындағы пойыз жолдарын кеңейту. Талғар, Есік, Ұзынағаш бағытына трамвай желісінің құрылысы да жоспарланған. Бұл жұмыс инвестордың көмегімен іске асады. Ол тиісінше заманауи талапқа сай, жеңіл рельсті көлік ретінде пайдалануға берілмек.
Ұлағат Арғын, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Almaty City App жаңа қосымшасы жылдың соңына дейін іске қосылады