Наурызбай ауданын сумен қамтамасыз ету жұмыстары қалай жүріп жатыр

27.10.2022 15:21

Бұл туралы Алматы әкімі аудан тұрғындарымен кездесуінде айтып берді

ritmeurasia.org

Алматы әкімі Ерболат Досаев Наурызбай ауданы халқымен кездесуінде ауданды сумен қамту жұмыстары қалай жүріп жатқанын айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv.

"Бұл мәселені шешу үшін, өздеріңіз білетіндей, қазіргі уақытта 2 су жинау құрылғысы, 104,2 км инженерлік желілер қарқынды салынып жатыр. Сондай-ақ насос станциялары бар қосымша магистралды су құбырын жобалау басталды", - деп мәлімдеді қала әкімі.

Оның айтуынша, Қарғалы су жинағышы бойынша жұмыстар 92% аяқталды, оны 2023 жылдың көктемінде аяқтау жоспарланған.  Су жинағыштың өзін 2023 жылдың маусым айында пайдалануға беріледі. Объектіні іске қосу өндірістік қуатты тәулігіне 15 мың текше метрге дейін 2 есе арттыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде Қарағайлы, Құрамыс және Таусамалы шағынаудандарына үздіксіз сапалы су берілетін болады.

Ақсай су жинағышы бойынша жер қазу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл объектіні 2025 жылдың III-тоқсанында пайдалануға беру жоспарланған. Бұл 100 мың тұрғынымды ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

"Ақжар су жинағышы іске қосылғанға дейін Ақжар шағынауданының тұрғындарын баламалы түрде сумен қамтамасыз ету үшін Qazaq Stroy осы жылдың қыркүйек айында жаңа магистралды су құбырын жобалауға кірісті. Оны 2023 жылдың маусым айының соңына дейін салып бітіруді жоспарлап отыр. Бұл 35 мың адамды сумен қамтамасыз етеді", -дейді мегаполис басшысы.

Таусамалы, Шұғыла шағынаудандарында және Ақжар шағынауданының 20 көшесіне жоспарланған 104,2 км желінің 79,6 км (53,1 км су құбыры және 26,5 км канализация) салынды. Қалған 24,6 км 2023 жылдың маусым айына дейін аяқталады.

Сондай-ақ Қарағайлы, Тастыбұлақ шағынаудандары және Ақжар шағынауданының қалған 30 көшесі бойынша 267 км желі (135 км су құбыры және132 км канализация)салу үшін жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары аяқталып келеді.

Биылғы қараша айында Ақжар және Қарағайлы шағынаудандары бойынша жобалау-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамаға жіберіледі. Сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан және конкурстық рәсімдер өткізілгеннен кейін құрылысты 2023 жылдың II-тоқсанында бастау жоспарланған.

Тастыбұлақ бойынша жобалау-сметалық құжаттама 2023 жылдың наурыз айында сараптамаға жіберіледі.

"Магистралды су құбырындағы тұрақты авариялардың салдарынан Шұғыла шағынауданындағы «Нұрлы дала» кешені тұрғындарының сумен тұрақты қамтамасыз етілмеуі жеке проблема болып отыр. Бұл проблеманың тамыры тереңде жатыр. 2019 жылы мердігер ұйым «Алматы ИнжСтрой» жаңа су құбыр желілерін жүргізу кезінде болат құбырларды диаметрі 600 миллиметр (ұзындығы 5 км) шыны-пластик құбырға ауыстырған, оларды пайдалану кезінде авариялар жиі орын алды. 2019 жылдан бастап осы учаскеде 28 авария тіркелген", - деді Досаев.

Аталған проблеманы шешу үшін Алматы қаласының әкімдігі уақытша су құбырын жүргізу туралы шешім қабылдады.

"Бұл ретте, менің тапсырмаммен 19-қазанда мердігер ұйым Qazaq Stroy «Нұрлы дала» тұрғын үй кешенін тұрақты  сумен жабдықтау үшін ұзындығы 400 метр (100 метрі салынып қойды), диаметрі 325 миллиметр уақытша су құбырын жүргізуге кірісті. Жұмыстарды осы қараша айының соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бұл мақсатқа Алматы қаласы әкімдігінің резервінен 102 млн. теңге бөлінді", -дейді қала басшысы.

Сондай-ақ, мердігер ұйым «Алматы ИнжСтройға» қатысты тиісті материалдар қылмыстық іс қозғау үшін заң қорғау органдарына берілді.