Алматы әкімдігі сарапшылармен және қоғам өкілдерімен талқылаудан кейін қаланың 2040 жылға дейінгі бас жоспарына сәйкес әзірленген егжей-тегжейлі жоспарлаудың жаңа жобаларын (ЕТЖ) бекітті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы атап өткендей, жаңа ЕТЖ-да саябақтар, скверлер, бульварларды қосқанда, жалпы пайдаланымдағы жасыл желектер алаңын 2030 жылға дейін 3 есе көбейту көзделген.
Сонымен қатар, сауда кеңістігін жаңарту аясында базарлардың аумақтарын көгалдандыру жоспарланған. Мысалы, Алмалы ауданындағы Розыбакиев көшесінің бойындағы «Тастақ» және «Оптовка» базарлары жаңғыртылады. Жетісу ауданында Солтүстік айналма жол бойындағы базарларды жаңғырту, сонымен бірге, су қорғау белдеулерін абаттандыру және тазарту көзделген. Бұл шаралар сауда алаңдарының сапасын едәуір арттырады және келушілер мен кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасайды.
Бұған қоса, жүрдек көлік қаңқасы мен көшелер желісін енгізу есебінен қаланың барлық ауданы бір-біріне біріктіріледі. Қала тұрғындары қаланың кез келген жеріне оңай бара алады. Мұндай қозғалыстың дәліздері бизнес үшін, оның ішінде сауда саласында тартымды болады.
Жалпы, ЕТЖ тұрақты және функционалды қалалық кеңістік құруға бағытталған. Олар қала құрылысын аймақтарға бөлудің, қызыл сызықтардың, халыққа әлеуметтік, мәдени және коммуналдық қызмет көрсету нысандарын орналастыру үшін аумақтарды резервтеудің, көше-жол желісін ұйымдастырудың, инженерлік коммуникацияларды жүргізудің, аумақтарды абаттандыру мен көгалдандырудың негізгі бағыттарын белгілейді.
Оқи отырыңыз: Алматы «орталық-шет аймақтар» парадигмасынан полиорталықтық дамуға көшуде