2023 жылғы 22 желтоқсанда Алматы қаласындағы «Қалалық ветеринариялық қызмет» ШЖҚ КМК үшін борттық платформасы бар 12 жеңіл жүк көлігі, 2 трицикл, трактор, аулау қызметінің жұмысшыларын тасымалдауға арналған жолаушылар автобусы және жеңіл автокөлік сатып алынды, деп хабарлайды Almaty.tv.
– 2013 жылы бізге толыққанды автокөліктер бөлінген. Содан бері 10 жыл өтті. 10 жылдың ішінде соңғы рет сынған автокөліктердің орнына бір жыл бұрын 3 JAC маркалы машина берілген. Биыл 12 арнайы автокөлік келді. Аулау қызметі мен ветеринария бөлімі жұмыстарын атқару үшін техниканың бәрі 8 ауданға бөлінеді, – деді «Қалалық ветеринариялық қызмет» ШЖҚ КМК басшысының міндетін атқарушы Мархаббат Мадияров.
Қазіргі уақытта аулау қызметіне 6 автокөлік жұмылдырылған, оның ішінде 2022 жылы сатып алынған 3 JAC маркалы арнайы машина және 2013 жылғы 3 Hyundai Porter маркасы бар.
Қаңғыбас жануарларды аулауға арналған машиналар қаланың барлық ауданына таратылады. Бекітілген бригадалар аудандық әкімдіктермен жасалған меморандумға сәйкес келіп түскен өтінімді пысықтайтын болады.