14-15 қыркүйек аралығында қала күні мерекесі аясында Алматы қаласының Туризм басқармасы, Алматы халықаралық әуежайы және ҚР ҰҚК Алматы қаласы Шекаралық бақылау басқармасымен бірлесе отырып, «Алматының символы – сыйлыққа» атты акция өткізеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Паспорттық бақылау аймағында халықаралық рейстердің жолаушыларына Алматының жылуы мен қонақжайлығын білдіретін «апорт» сұрыпты алмалар ұсынылады. Акция аясында шамамен 10 мың жолаушы мен 50-ден астам рейс қамтылады.
Қалалық туризм басқармасының өкілдері атап өткендей, осындай акциялар туристер үшін ерекше атмосфера қалыптастыруға, олардың келу сәтінен бастап Алматының бірегейлігі мен қонақжайлығын көрсетуге көмектеседі.
2024 жылдың 1-тоқсанында туристердің жалпы саны 4,6%-ға артып, 473,3 мыңнан асты. (2023 жылдың 1-тоқсаны – 452,1 мың адам). Шетелдік туристер саны 3,4%-ға өсіп, 122,8 мың адамды құрады (2023 жылдың 1-тоқсаны – 118,7 мың адам).
Қазіргі уақытта Алматы 50 бағытта тікелей әуе рейстерімен байланысқан және 82 елдің азаматтары үшін визасыз режим ұсынады, бұл туристік ағынның өсуіне елеулі ықпалын тигізіп, қаланы шетелдік қонақтар үшін қолжетімді етпек.
Оқи отырыңыз: «Алматы жастары» бағдарламасының қорытындысы шықты