Алматыда «Халық қатысатын бюджет» жобасына өтінімдерді қабылдау басталды

Фото: ашық дереккөзден
Фото: ашық дереккөзден
Алматылықтар 20 шілдеге дейін budget.open-almaty.kz порталы арқылы өтінім бере алады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда «Халық қатысатын бюджет» қалалық жобасы аясында ұсыныстарды қабылдау басталды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алматылықтар 20 шілдеге дейін budget.open-almaty.kz порталы арқылы өтінім бере алады.

«Халық қатысатын бюджеттің» мақсаты – қалалықтардың бастамалары мен ұсыныстары негізінде Алматы қаласы аудандарының аумақтарын дамыту және абаттандыру.

«Халық қатысатын бюджет» жобасының жалпы сомасы 7,4 млрд теңгені құрайды. 6 аудан: Алмалы, Әуезов, Бостандық, Жетісу, Медеу және Түрксіб аудандарының әрқайсысына 800 млн. теңгеден. Қалаға қосылған аумақтарды дамыту мақсатында Наурызбай және Алатау аудандарының әрқайсысына 1,3 млрд.теңгеден.

Бөлінген қала бюджетінің қандай бастамаларға бөлінетінін Алматы тұрғындары ашық дауыс беру арқылы анықтайды. Идея авторларының өтінімдеріне Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшелері, сарапшылар, мәслихат депутаттары, ҮЕҰ өкілдері де өз бағасын береді.

Жобалық ұсыныстар budget.open-almaty.kz порталы арқылы қабылданады. Ол үшін өтінімді толтыру керек (жобалық ұсыныстың атауы, оның сипаттамасы, нысанның мекен-жайы), жобалық ұсыныстың нобайы мен сметасын міндетті түрде қоса беру керек (болжалды болуы мүмкін). Бір жобаның ең жоғарғы құны 61,2 миллион теңгеден аспауы керек.

Жобалық ұсыныстар келесі өлшемшарттарға сәйкес болуы керек:

• бір автор – бір өтінім – бір нысан;

• қолжетімділікті шектеусіз жалпы пайдалану нысаны;

• нысан іске асырылуы жоспарланған аудан аумағында, жалпыға қолжетімді жерде орналасуы керек;

• әкімдіктің құзыретінде болуы тиіс және т.б.

Келесі жобалық ұсыныстар қабылданбайды:

• құрылыс-монтаждау жұмыстарынсыз тек жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеуге арналған;

• болашақта қосымша элементтерді енгізуді талап ететін;

• Алматы қаласының даму бағдарламасына, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келмейтін;

• коммерциялық сипаттағы және т.б.

Аудан әкімдіктерінің сараптау комиссиялары жобаларды «Халық қатысатын бюджетті» ұйымдастыру және іске асыру туралы Ереженің, Қазақстан Республикасы заңнамасының, Алматы қаласын дамыту бағдарламасының талаптарына сәйкес іріктейтін болады.

Аудан әкімдігінің сараптама комиссиясының құрамын аудан әкімі қалыптастырады және бекітеді, оның құрамына мәслихат депутаттары, аудандық сәулетші, құрылыс саласының маманы, құрылыс объектілерінің сметалық құжаттамаларын жасау жөніндегі маман, Алматы қаласының Қоғамдық кеңесінің, қоғамдық ұйымдардың өкілдері кіреді.

«Халық қатысатын бюджет» бойынша кеңестерді немесе ақпаратты Алматы қаласының аудандық әкімдіктерінен, сондай-ақ Алматы қаласы әкімдігінің Open Almaty қоғамдық қабылдау бөлмесінен 224 39 29 (ішкі 203) телефоны арқылы алуға болады.

Новости партнеров