Алматының Бостандық ауданында 7,5 км инженерлік желі қайта жаңартылады

07.03.2024 14:33

Қосымша 91 км әуе электр желісі мен 105 трансформатор станциясы ағымдағы жөндеуден өтеді

Almaty TV

Алматының Бостандық ауданында 2024 жылы жалпы ұзындығы 7,5 км инженерлік желілерді 7 млрд теңгеге қайта жаңарту жоспарланған, деп хабарлайды Аlmaty.tv. 

Оның ішінде 500 метр кәріз желілері, 5,3 км жылу желілері, 1,7 км орташа қысымды жерасты газ құбыры бар. Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев Бостандық ауданының тұрғындарымен кездесу барысында мәлімдеді.

Қала басшысы 2023 жылы атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Оның айтуынша, Алмагүл, Орбита және Қазақфильм шағынауданының тұрғындарын электрмен қамту үшін 200 мың тұрғынды қамти отырып, былтыр тамыз айында Алмагүл электр қосалқы станциясы іске қосылды.

Сонымен қатар инвестициялық жоба аясында «АЖК» АҚ 6,7 км әуе электр желісіне, 38 км кабельді электр желісіне, 17 трансформатор станциясы мен 3 тарату пунктіне күрделі жөндеу жүргізілді. 59 км әуе электр желісі, 130 трансформатор қосалқы станциясыда 3 тарату пунктінде ағымдағы жөндеу жасалды.

- 2024 жылы жергілікті бюджет есебінен Ремизовка және Ерменсай шағын ауданында 16 км электр желілерін қайта жаңарту жоспарланған. «АЖК» АҚ инвестициялық жобасы аясында 50 км электр қуатының, 13 трансформатор станциясы мен 3 тарату пунктін жаңғырту жоспарланып отыр. Қосымша 91 км әуе электр желісі мен 105 трансформатор қосалқы станциясы ағымдағы жөндеуден өтеді, - деді қала басшысы.

Оұи отырыңыз: Дамыған инженерлік инфрақұрылым - қаланың даму әлеуетін айқындайды