Алматыдағы Теректі және Рахат-Мәдениет шағынауданында су құбыры желілері мен кәріз жүйесі пайда болады

21.08.2023 15:35

Құрылыс жұмыстарын 2024 жылдың қараша айында аяқтап, жобаны пайдалануға беру жоспарланған

пресс-служба акимата Алматы

Бүгін Алматы қаласы Алатау ауданының Теректі шағынауданында инженерлік желілердің құрылысы басталды, деп хабарлайды Almaty.tv.

66 км сумен жабдықтау және су бұру желілері салынады. Қазіргі уақытта Мәртөк, Тастөбе және Түйемойнақ көшелерінде жұмыс жүргізіліп жатыр.

Құрылыс жұмыстарын 2024 жылдың қарашасында аяқтап, жобаны пайдалануға беру жоспарланған. Осылайша, Теректі шағынауданының 7 мыңнан астам тұрғыны орталық су құбыры және кәріз желілерімен қамтамасыз етіледі.

Биыл тамыз соңына дейін Рахат-Мәдениет шағынауданы бойынша 131,7 км инженерлік желілердің құрылысы басталады. Қазіргі кезде құрылыс жұмыстарына техникалық дайындық жүргізілуде, ол 2024 жылдың желтоқсанға дейін жалғасады. Жобаны іске асыру барысында 14 мыңнан астам тұрғын орталық су құбыры және кәріз желілерімен қамтамасыз етіледі.

«Тапсырыс беруші ретінде жобаларда жұмыс аяқталған соң шұңқырдың алдын алу үшін сығылмайтын топырақпен қайта толтыруды, ал бұрын асфальтталған көшелер бойынша жол төсемін қалпына келтіруді қарастырдық. Желілер құрылысы аяқталған кезде жол-құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Осыған байланысты көлік қозғалысында уақытша қолайсыздықтар туындауы мүмкін. Бұл жұмыс біздің тұрақты бақылауымызда болады», - деді Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков.

Аудан әкімдігі Алатау ауданындағы ретсіз құрылыстарға байланысты Алматыға қосылғанға дейін де жеке үйлер орталық кәрізсіз салынғанын айтты. Жеке сектордағы сұйық қалдықтар ауладағы септиктерге қосылып, топырақ пен жер асты суын ластайды, олардың деңгейін жоғарылатады. 

«Соның нәтижесінде кей жерде жер асты суы үнемі жер бетіне шығады. Мұны шешу үшін 2023 жылы республикалық бюджеттен кәріз желілерін салуға қаражат бөлінді. Қазір іске асырылып жатқан жоба әзірленді. Жеке секторда жаңа желілерді салу – қала билігі алдындағы басым міндеттің бірі», - деді Азамат Қалдыбеков.