Ерболат Досаев тұрғындарымен кездесу барысында хабарлады
Алматының Алатау ауданында инженерлік желілерді жаңғыртуға байланысты 7 жылға созылған түйткіл тарқатылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Былтыр Алатау ауданындағы инженерлік желілерді жаңғыртуға қатысты 2017 жылдан бастап тұрғындарды алаңдатқан ең өзекті мәселенің бірі 14-аумақ шағынауданының мәселесі шешімін тапты. Жалпы сомасы 2,7 млрд теңгеге құрылысы аяқталмай қалған 16 көшенің су (7,5 км) және кәріз желілері (7,5 км) толығымен ауыстырылып, асфальт жабындысы қалпына келтірілді. Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев Алатау ауданының тұрғындарымен кездесу барысында хабарлады.
Қала басшысы қазіргі уақытта аудан әкімдігі тарапынан Өжет шағынауданында кәріз сорғы станциясы және 228 км болатын Алғабас, Шапағат, Болашақ шағынаудандарында су және кәріз желілерін салу жұмыстарын жалғастырып жатқанын атап өтті. Бұл жұмыстың жоспарланған аяқталу мерзімі - 2024 жылдың соңы.
- Шаңырақ-2 шағынауданындағы жаңа салынған желілерді пайдалануға беру үшін осы айдың аяғына дейін 6 кәріз-сорғы станциясы іске қосылады. Сондай-ақ, 2024 жылғы сәуірдің соңына дейін Қарасу шағынауданында салынған 2 кәріз-сорғы станциясы іске қосылады, - деді Ерболат Досаев.
Биыл сәуірде Әйгерім шағынауданында кәріз-сорғы станциясын және Саялы, Боралдай және Ақбұлақ шағынаудандарында 87,4 км сумен жабдықтау және кәріз желілерін салу бойынша жұмыстар жоспарланған. Теректі және Самғау шағынаудандарының инженерлік желілерін дамыту аясында екі жоба түзетуге берілді. Сараптама қорытындысын алу 2024 жылдың сәуірі мен тамыз айларына жоспарланған.
Оқи отырыңыз: LIVE: Алматы әкімі Ерболат Досаев Алатау ауданы тұрғындарымен кездесіп жатыр