Алматы әкімі Ерболат Досаев Алатау ауданы тұрғындарымен кездесті

YouTube/Almaty.tv
YouTube/Almaty.tv
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Алатау ауданы тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алатау ауданының тұрғындарын 2017 жылдан бері алаңдатқан елеулі мәселелердің бірі толығымен шешімін тапты. 16 проблемалық учаскеде су желілері түбегейлі жаңартылып, жол жабындысы қалыпқа келтірілді. Сонымен қатар ауданда жыл соңына дейін 300 шақырымнан астам жаңа кәріз жүйесі салынады. Инженерлік желілер Алғабас, Шапағат, Болашақ және Саялыда жүргізіледі. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев тұрғындармен кезекті кездесуінде айтты.

Инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту шеңберінде Өжетте кәріз-сорғы стансасын іске қосу жоспарланып отыр. Көпшіліктің сұрауымен ауданда 275 шақырым электр желілері мен 73 трансформаторлық қосалқы станса жөнделеді. Аумақты сыртқы жарықтандыру мәселесі де белсенді түрде шешілуде.

– Шаңырақ-2 шағынауданындағы жаңа салынған желілерді пайдалануға беру үшін айдың аяғына дейін 6 КСС іске қосылады. 2024 жылғы сәуірдің аяғына дейін Қарасу шағынауданында салынған 2 КСС қолданысқа беріледі. 2023 жылы қала тұрғындарының қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету мақсатында аудан әкімдігімен 13 шағынауданда 9 км және 19 көшеде техникалық тротуарларды салу бойынша қалалық жоба жүзеге асырылды, – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Ауданда әлеуметтік инфрақұрылымды кешенді түрде жаңарту жұмыстары жалғасуда. Оқу жылының басына қарай Саялы-2-де 550 орындық мектеп салынып, жыл соңына таман Зерделі  шағынауданында да жаңа білім беру нысаны ашылады. Ал «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында келер жылдың соңына дейін 11 мыңнан астам оқушыға шақталған 6 орта білім беру мекемесі салынады. Алатау ауданының аумағы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында қарқынды абаттандырылуда.

– Аудан аумағын көріктендіру жұмыстары жалғасын табуда. 2023 жылы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында Алатау ауданында құны 2,6 млрд теңгеге 50-ден астам қоғамдық орын, оның ішінде 3 шағынауданды Алатау сити, Ақбұлақ, Дарабоз қосатын Аханов көшесінің бойында 1,5 км жаяу жүргіншілер аймағы, Зерделі шағынауданында «Сирень бағы» тақырыптық саябағы, сонымен қатар, Қарасу шағынауданында аумағы 35 га саябақ құрылды, – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Кездесуді төмендегі сілтеме арқылы көре аласыз:

Новости партнеров