Биыл жыл соңына дейін Түрксіб ауданындағы қолданыстағы 26 782 жарық нүктесінің 22 760 жарық нүктесін қалпына келтіру жоспарланған. Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев тұрғындармен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Осылайша, 2024 жылы аудан бойынша көше жарығын 85%-ға дейін, 2025 жылы 100%-ға дейін қалпына келтіру көзделген.
Естеріңізге сала кетейік, жеке серіктестің МЖӘ шартының талаптарын орындамауына байланысты 2023 жылдың күзінен бастап жарықтандыру желілеріне қызмет көрсету өкілеттілік аудан әкімдіктеріне берілді. Былтыр қазан айында «Алматы Қала Жарық» МКК-мен шарт жасалды.
Соның нәтижесінде, 2023 жылдың қараша-желтоқсан айларында жөндеу бригадалары 520 өтінімді қолға алды. 872 шам ауыстырылды, 16 көшенің жарықтандыру тіректерінде энергия үнемдейтін LED шамдары орнатылды.