Коронавирус пандемиясының екінші толқынына дайындық шеңберінде Алматыда бірнеше госпиталь ашылады
Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев коронавируске қарсы стационарларды жабдықтау жұмыстары туралы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Бір айда жергілікті, республикалық бюджет және демеушілік көмек есебінен қалаға 308 өкпені жасанды желдету аппараты және 2022 оттегі концентраторы әкелінеді. 55 жедел жәрдем машинасы келеді деп күтілуде. Қосымша Қазақстанның Даму Банкі арқылы тағы 35 жедел жәрдем көлігін жеткізу мәселесін пысықтап жатырмыз», – деді әкім Үкімет отырысында.
Сонымен бірге, стационарларды медициналық газбен орталықтан қамтамасыз ету жөніндегі қалалық бағдарлама іске асырыла бастады.
«10 қыркүйекке дейін 8 базалық стационар орталықтандырылған оттегімен қамтамасыз етіледі. Оларды аяқтағаннан кейін – қалған стационарлар бойынша жұмысты жалғастырамыз. Барлық ковидтік стационарларда кәріз ағындыларын зарарсыздандыру жүйесінің құрылысы басталды. Сонымен бірге, әрбір инфекциялық клиниканың жанында медициналық қалдықтарды жоятын заманауи станциялар салынады. Бұл екі бағыт та қыркүйек айында аяқталады», – деді Бақытжан Сағынтаев.
Айта кетейік, Алматыда 10 955 COVID-19 жұқтыру жағдайы тіркелген. Оның ішінде 6 341 адам немесе 60% емделіп шыққан, 73 адам (0,68%) коронавирустанқайтыс болған. Коронавирус пандемиясының екінші толқынына дайындық шеңберінде Алматыда бірнеше госпиталь ашылады.