|
21.06.2021 | 10:59
5914

Б. Сағынтаев Терренкурдағы абаттандыру жұмыстарымен танысты

Қала әкімі өзінің Instagram-дағы парақшасында жаяу жүргінші жолындағы негізгі өзгерістер туралы айтты

Б. Сағынтаев Терренкурдағы абаттандыру жұмыстарымен танысты пресс-служба акима Алматы

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапары кезінде абаттандыру жұмыстары жүріп жатқан Кіші Алматы өзені бойындағы жаяу жүргінші аймағында болды, деп хабарлайды Almaty.tv


«Терренкур жайқалып келеді. Ұзындығы 9 шақырымдай болатын жаяу жүргіншілер жолының абаттандыру жұмысы аяқталуға жақын. Не істелді? Ең алдымен, 5 мыңға жуық бұталы өсімдік отырғызылып, жасыл қор ретке келтірілді. Оның беткейді нығайтып, жағалаудың құлауына жол бермесі анық. Әлбетте, жасыл аймақ ағзаның қалпына келуіне ықпал ететін арнайы микроклиматты сақтайды. Терренкурдың емдік мақсатта салынғаны бекерден емес»,- деп жазды Алматы әкімі.

Оның айтуынша, екіншіден, арналар ретке келтіріліп, ол жер тұнба мен құмнан тазартылды. Габион конструкциялары нығайтылып, қалпына келтірілді. Мақатаев көшесіндегі көпір қайта жөндеуден өтіп, гидротехникалық құрылыс жаңартылды. Бұл – Кіші Алматы өзенінің өткізу мүмкіндігін минутына 0,5 текше метрден 2,5 текше метрге дейін ұлғайтты. Екі метрлік жерлер барынша үш метрге дейін кеңейтіліп, асфальт ауыстырылды.  

«Қала тұрғындарына ыңғайлы болу үшін орындықтар жаңартылып, теңіз деңгейінің биіктігін көрсететін навигациялық стендтер мен ақпараттық стелалар қойылды. Бұдан өзге әл-Фараби даңғылының астындағы туннель абаттандырылып, Оқушылар сарайы ғимаратының артына қарау алаңы салынды. Кеңістіктің үйлесімділігі мен тұтастығын сақтау үшін барлық жерде ағаш пайдаланылды», - деп атап өтті Б. Сағынтаев.

Абаттандыру жұмыстары  аяқталуда. Санитарлық торапты қосу, балалар алаңдарын жасау, жекелеген  учаскелерді абаттандыру ғана қалды.

Жұмыс сапары кезінде қала әкімі Қазақстан қонақ үйінің артындағы Дружба скверін абаттандыру және Абай атындағы ҚазҰАОБТ жанындағы сквердің тарихи келбетін қалпына келтіру жұмыстарының нәтижелерін көрді.

Бұдан өзге, Б. Сағынтаев фонтанды реконструкциялау және Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік музей аумағын абаттандыру жөніндегі жұмыстардың басталуымен танысты.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир