Алматыда 14 наурыздан бастап №126 бағытта «Қайырбеков/Жібек жолы – Диспетчерлік пункт» бойынша жүретін автобустар жаңартылып, жылжымалы бірліктер саны артты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мәселен, жүйелілікті қамтамасыз ету және жоспарланған интервалды 20 минуттан 6 минутқа дейін қысқарту мақсатында қалалық мобильділік басқармасы 8 автобустың орнына 25 автобус шығару туралы шешім қабылдады.
Golden Dragon маркалы 12 метрлік жаңа автобустар заманауи құрылғылармен жабдықталған, оның ішінде кондиционер, бейнебақылау жүйелері және телефондарды зарядтауға арналған USB қосқыш та бар. Сонымен қатар салон алдағы және келесі аялдамаларды көрсететін ақпараттық дисплеймен жабдықталған.
Бұл ретте босатылған автобустар басқа бағыттарды күшейтуге және «АлматыЭлектроТранс» автопаркінің резервтік құрамына жіберіледі.
Еске салсақ, өткен жылы мегаполис басшысы Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша әкімдік 600 автобус пен 100 троллейбус сатып алып, 22 жаңа бағытты, оның ішінде 10 қала маңындағы бағытты ұйымдастырып, 50-ге жуық елдімекенді көлікпен қамтыған еді. Биыл тағы 600 автобус, 100 троллейбус және 100 электроавтобус сатып алу жоспарлануда.
Оқи отырыңыз: Алматы маңында тағы да жерасты дүмпуі тіркелді