Алматы агломерациясының даму перспективалары жергілікті кеңестің отырысында талқыланды

қала әкімдігінің баспасөз қызметі
қала әкімдігінің баспасөз қызметі
Жергілікті кеңестің отырысы барысында осы құжатты ҚР Үкіметіне бекітуге жіберу туралы шешім қабылданды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы әкімі Ерболат Досаев пен Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Алматы агломерациясының жергілікті кеңесінің үшінші отырысын өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Кездесу барысында Алматы қаласының қала маңындағы аймағын қала құрылысын жоспарлаудың Кешенді сызбасын өзектендіру, Алматы аумағынан өнеркәсіптік объектілерді шығару және «Солтүстік» көлік- ауысып отыру торабын (КАТ) салу мәселелері қаралды.

Алматы қаласының басшысы Ерболат Досаев атап өткендей, Алматы агломерациясындағы халық саны өсуінің жоғары қарқынын ескере отырып, Алматының қаламаңындағы аумақтарында қала құрылысын жоспарлаудың Кешенді сызбасы басты құжат болмақ.

«Алматы агломерация орталығы болып қала береді және маятниктік көші-қонды ескере отырып, қаланың күнделікті халқы шамамен 3 млн адамды құрайды. Сондықтан біз қала маңындағы аймақпен көліктік байланыс, оны су бұрумен, энергиямен жабдықтаумен, жұмыс орындарымен қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты үйлестіруіміз керек», - деді Ерболат Досаев.  

Алматының қаламаңы аймағы аумақтарының қала құрылысын жоспарлаудың өзекті Кешенді сызбасын Алматы облысының мәслихаты өткен жылдың 26 желтоқсанында бекітті. Жергілікті кеңестің отырысы барысында осы құжатты ҚР Үкіметіне бекітуге жіберу туралы шешім қабылданды.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау аясында Алматы агломерациясын дамыту жоспарында 130 іс-шара өткізу қарастырылған, оның 77-сі Алматы облысында жүзеге асырылуы тиіс», - деді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.

Отырыс барысында бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорындарды Алматыдан тыс жерлерге көшіру мәселесі қаралды. Бұл шара Алматы қаласының 2040 жылға дейінгі Бас жоспарында және егжей-тегжейлі жоспарлаудың (ЕТЖ) жаңа жобаларында көзделген экологиялық талаптарға негізделген. Бүгінгі таңда Алматы және облыс әкімдіктері кәсіпорын басшыларымен келіссөздер жүргізуде. Осылайша, 16 ұйымның 4-і қайта орналастыруға дайын екендіктерін білдірді. Мысалы, «Темірбетон-1» ЖШС Алматы облысындағы «Қайрат» индустриалды аймағының аумағында жаңа өндіріс салуды бастауды жоспарлап отыр.

Алматы және Алматы облысының әкімдері өнеркәсіптік кәсіпорындарды көшіру жоспарын құруды және келісілген жағдайда кәсіпкерлердің облыс аумағына көшуі үшін барынша қолайлы жағдай жасауды тапсырды.

Отырыстың күн тәртібінде тұрған маңызды мәселелердің бірі Мемлекет басшысының биылғы 25 қаңтарда Алматыға сапары барысында мақұлдаған Алматы қ. көлік қаңқасының Шебер -жоспарының маңызды элементі – «Солтүстік» көлікке ауысып отыру торабы орналасатын жерді анықтау болды. Бұл учаскеде сыйымдылығы әртүрлі сыныптағы 400 автобусқа дейінгі бірегей автобус паркін салу жоспарлануда. Парк жобасының Қазақстанда көлік құралдарын зарядтау және толтыру үшін жоспарланған инфрақұрылым бөлігінде баламасы жоқ.

Отырыс барысында коммуналдық қызмет көрсету және энергетика жүйесін жаңғырту, шағын өнеркәсіптік парктер мен қосымша индустриалды аймақтар салу үшін Алматы және Алматы облысының әкімдіктері өткізулері тиіс бірінші кезектегі іс-шаралар талқыланды. 

«Алматы агломерациясында өңдеуші өнеркәсіпті дамыту аясында Алматы облысында жаңа индустриалды аймақтарды құруға басты назар аударылды. Бүгінгі таңда қала экономикасы құрылымындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі 4,8% -ды құрайды. 2023 жылдың қорытындысы бойынша машина жасау саласында - 46%, тамақ өнеркәсібінде – 24,1%, құрылыс материалдары өндірісінде – 6,4%, ең жоғары көрсеткіштерге қолжеткізілді. Өңдеуші өнеркәсіптің одан арғы перспективалары Алматы индустриалды аймағын, «Алатау» АЭА ИТП дамуының екінші кезеңімен және Алматы облысында жаңа индустриалды аймақтарды, сондай-ақ шағын өнеркәсіп парктерін құрумен тікелей байланысты», - деп атап өтті отырыс барысында баяндама жасаған Алматы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров.

Айта кетерлігі, Алматы агломерациясын дамытудың 2029 жылға дейінгі Кешенді жоспары ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында әзірленіп, 2023 жылдың желтоқсанында ҚР Үкіметі бекіткен болатын.

Агломерация-бұл бір немесе бірнеше ірі қалалардың айналасындағы елді мекендердің жинақталуы. Өзегі Алматы болып табылатын Алматы агломерациясына аудандық маңызы бар қалалар, 31 ауылдық округ және шамамен 3 млн адам тұратын 98-ге жуық елді мекен кіреді. Агломерация аумағы өзінің өңірлік даму жоспарлары мен мемлекеттік жоспарлаудың басқа да бағдарламалары бар 2 әкімшілік-аумақтық бірлікті (Алматы қ.және Алматы облысы) қамтиды.

Новости партнеров