Алматы әкімі төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің жұмысымен танысты

пресс-служба акима Алматы
пресс-служба акима Алматы
Ерболат Досаев Алатау ауданындағы азаматтық қорғаныс құрылыстарының біріне барды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қала әкімі Ерболат Досаев жұмыс сапары барысында азаматтық қорғаныс нысандарына барып, өрт сөндіру депосының құрылысымен танысты және құтқарушылардың түрлі төтенше жағдайларға дайындық деңгейін бағалады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қазіргі уақытта мегаполистің өртке қарсы қауіпсіздігін тек 19 өрт сөндіру бөлімшесі қамтамасыз етеді. Нормаларға сәйкес бір өрт сөндіру депосына қызмет көрсету радиусы 3 км – ден аспауы тиіс. Қаланың өсуін, тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымның дамуын, көлік жүктемесін және халық санының ұлғаюын ескере отырып, Алматыда бүгінде 15 өрт сөндіру депосы жетіспейді. Өрт сөндіру бөлімшелерінің тапшылығы құтқарушылардың төтенше жағдай орнына келу уақытына тікелей әсер етеді. Жұмыс сапары барысында қала басшысына Бостандық ауданы Нұр-Алатау шағынауданында салынып жатқан өрт сөндіру депосы таныстырылды. Депо бес шағын ауданның («Қазақфильм», «Алатау», «Нұр-Алатау», «Ерменсай», «Көкшоқы» - жалпы саны 32 мыңнан астам адам, 94 кәсіпорын) тұрғындарын өрттен қорғаумен қамтамасыз етеді және өрт орнына келу уақытын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді. Қала басшысы инженерлік желілерді жүргізу мәселелерін жедел шешіп, ағымдағы жылдың желтоқсан айында нысанды пайдалануға беруді тапсырды. Алдағы жылдары Түрксіб, Бостандық, Наурызбай аудандарында тағы үш өрт сөндіру депосын салу жоспарлануда.

Төтенше жағдайлар департаменті ғимаратының аумағында Ерболат Досаевқа өртке қарсы және авариялық-құтқару техникасы ұсынылды. Бүгінде Алматы өрт сөндірушілерінің қарамағында 183 машина бар, оның ішінде өрт сөндіру автоцистерналары, өрт сөндіру-құтқару автомобильдері, мотоциклдер және т. б.

Қала басшысы материалдық-техникалық жарақтандыруды жақсарту және құтқарушылардың ұтқырлығын арттыру мақсатында қосымша 10 автокөлік сатып алуға қаражат бөлуді тапсырды. Ерболат Досаев биік ғимараттардың жоғарғы қабаттарында құтқару операцияларын жүргізу үшін телескопиялық көтергіштері бар үш машинаны сатып алу рәсімін жеделдетуді міндеттеді. Қазіргі уақытта Алматыда осындай небәрі үш автомобиль ғана бар.

Алматы әкімі сондай-ақ ҚР ТЖМ «Апаттар медицинасы орталығы» мамандардың материалдық-техникалық жабдықталуымен танысты. Арнайы қызметке өз ғимараты қажет. Ерболат Досаев қолайлы учаскені таңдағаннан кейін қажетті объектінің құрылысына қаражат бөлуге дайын екендігін білдірді. Материалдық жарақтандыруды жақсарту барысында Алматы әкімі  медициналық қалдықтарды тазарту үшін  қосымша 5 пневматикалық жабдық сатып алуды тапсырды.

Қала басшысына Алматы қаласы ТЖД кризистік жағдайлардағы басқару залының жұмысы көрсетілді. Оның базасында бірқатар цифрлық жобалар, соның ішінде моренді көлдердің серпінділігін бағалауға және сел құбылыстарынан туындаған ТЖ қаупінің деңгейін төмендетуге мүмкіндік беретін сел қауіптілігінің автоматтандырылған мониторингі жүйесі енгізілді.

Алматы әкімі жер сілкінісі туралы ерте хабарлаудың автоматтандырылған жүйесін іске асыру жобасымен танысты. Жоба 28 сейсмостанция салуды көздейді, оның 11-і өткен жылы пайдалануға берілді, қалған 17-сі ағымдағы жылы іске қосылады. Ескерту жүйесі үстіміздегі жылдың мамыр айында «Дармен» мобильді қосымшасымен үндестіріледі, ол халықты сейсмикалық қауіп-қатер, дауылды гидрометеорологиялық құбылыстар туралы уақтылы хабардар етуге мүмкіндік береді және т.б. Қала басшысы жер сілкінісі туралы деректермен алмасу үшін Қырғызстан қызметтерімен белсенді ынтымақтастықта жұмыс жасауды тапсырды. Кездесу барысында қаланың 1100 камерасынан бейнені шығаруға қабілетті және өрттерді анықтауға және қызметтерге жедел әрекет етуге мүмкіндік беретін видеомониторинг жүйесі  көрсетілді.

Алматы әкімі Алатау ауданындағы №31 бөбекжай базасында ықтимал ТЖ кезінде халықты жинау пункттерінің бірінің жұмысымен танысты, онда ТЖ кезінде зардап шеккен халықты уақытша орналастыру үшін палаталы қалашық орналастырылған. Ерболат Досаев ТЖ кезінде жинау пункті тұрғындарды қабылдауды қамтамасыз ету үшін қосымша жарақтандыруды талап ететінін атап өтті: халықты жинау пункттерін материалдық қамтамасыз ету бойынша нақты стандарттарды енгізу, оның ішінде күзгі-қысқы ауа райы жағдайларына бейімделген палаткаларды сатып алу қажет.

Ерболат Досаев Алатау ауданындағы азаматтық қорғаныс құрылыстарының біріне барды. Шамамен 50 жыл бұрын салынған қорғану орны 150 адамға арналған. Стратегиялық маңызды объект апатты жағдайда және паналанушыларды қабылдауға дайын емес.

Аралау қорытындысы бойынша Ерболат Досаев аудан әкімдігі мемлекеттік активтер басқармасымен бірлесіп бір ай мерзімде қорғаныс құрылыстарын коммуналдық меншікке қайтару жөнінде ұсыныстар енгізуді тапсырды. Сондай-ақ, қала басшысы ықтимал ТЖ жағдайында халықты тіркеу және қабылдау бойынша бірыңғай стандарттарды әзірлеуді және барлық коммуналдық қызметтердің дайындығын тексеру үшін ағымдағы жылдың күзінде толық көлемді оқу-жаттығулар өткізуді тапсырды.

Новости партнеров