Almaty TV-дің бас продюсері Ралида Мұқанова «The Best Woman in Media–2026» марапатының иегері атанды

Almaty TV-дің бас продюсері Ралида Мұқанова «The Best Woman in Media–2026» марапатының иегері атанды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Almaty TV» телеарнасының бас продюсері Ралида Мұқанова «Қазақстан журналистикасының үздіктері – 2026» сыйлығының «Медиа саласындағы үздік әйел» аталымы бойынша лауреаты атанды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Салтанатты марапаттау рәсімі 11 қарашада Алматы қаласында өтті. Белгілі медиаменеджер, продюсер әрі Медиатренерлер мектебінің тәлімгері Ралида Мұқановаға бұл мәртебелі марапат жоғары кәсіби шеберлігі, отандық телевизияның дамуына қосқан елеулі үлесі және шығармашылық көшбасшылығы үшін табысталды. Марапатты «The Best Woman in Media–2025» жеңімпазы Халида Әжіғұлова табыстады.

Іс-шараны Түркітілдес журналистері қоры мен Қазақстан әйел журналистер клубы ұйымдастырды.

Лауреаттың айтуынша, бұл жеңіс — жеке жетістік қана емес, сонымен қатар телеарна ұжымының еңбегіне берілген жоғары баға.

«Мен үшін бұл марапат күтпеген жағымды тосынсый болды. Телевизия — қашан да командалық жұмыс, әрбір нәтиженің артында көптеген адамның еңбегі тұр. Сондықтан мен бұл жүлдені бүкіл ұжымымыздың жұмысына берілген баға деп қабылдаймын. Біз күн сайын көрермендерге қызықты, өзекті әрі сапалы контент ұсынуға тырысамыз. Осы бағыттағы жұмысымызды алдағы уақытта да жалғастыра береміз», — деп атап өтті «Almaty TV» телеарнасының бас продюсері Ралида Мұқанова.

Айта кетейік, Ралида Мұқанованың кәсіби өмірбаяны отандық медианың бірнеше даму кезеңін қамтиды. 1990 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітіріп, еңбек жолын Қазақ радиосында бастады. Радиожурналистикадан басталған еңбек жолы телевизия, баспасөз, халықаралық коммуникация және медиа басқару салаларымен жалғасты. Отыз алты жыл ішінде ол тілшілік жұмыстан ірі медиа жобаларды басқаруға дейінгі белестерден өтті.

Қазіргі таңда «Almaty TV» телеарнасының бас продюсері қызметін атқарады.

«The Best Woman in Media–2026» марапаты оның медиадағы көпжылдық еңбегі мен кәсіби тәжірибесіне берілген құрмет.

«Almaty TV» телеарнасының редакциясы Ралида Мұқанованы лайықты марапатымен құттықтап, алдағы уақытта да жаңа жарқын жобалар мен кәсіби жеңістер тілейді!