Алматы перинатология орталығының жанынан ана жатырындағы ұрықтың даму барысын диагностикалаудың толық циклі қамтамасыз етілген 2023 жылы мүгедектіктің алдын алу және азайту мақсатында Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының базасында Алматы әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмаларына сәйкес жүктілікті қорғау орталығы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Осылайша, бір терезе қағидаты бойынша жүктілік кезінде диагностикалаудың толық тізбегінен өтуге болады. Бұл туралы Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова мегаполистің инклюзивті ортаны дамыту жөніндегі Кеңестің бірінші отырысында хабарлады.
Орталықтың негізгі міндеті - ультрадыбыстық скрининг жүргізу және пәнаралық пренатальды консилиум құру арқылы жатырішілік ақауларды анықтау.
Өткен жылы жүктілікті қорғау орталығында жүкті әйелдерге арналған 1,8 мыңнан астам консультация өткізілді, оның 700-ден астамы медициналық-генетикалық көрсеткіштер бойынша жүктілікті тоқтату туралы шешім қабылдау үшін көпсалалы консилиумға жіберілді.
Сондай-ақ биыл Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығында жүктіліктің анықталған даму ақауларын жатырішілік түзету мақсатында ұрық хирургиясын енгізу басталды, бұл перинаталдық өлім-жітім мен балалардың мүгедектігін азайтуға мүмкіндік береді. Төрт маман Израильде, Ресейде фетальды хирургия бойынша оқудан өтті. Үндістанда дәрігерлерді оқыту жоспарланған.
2024 жылдың 2 наурызында алғаш рет «Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығы» базасында «Бір күндік клиника» пилоттық жобасы ресми түрде ашылды. Бұл Даун, Паттау, Эдвардс, Шерешевский-Тернер және Клайнфельтер синдромы сияқты ұрықтың туа біткен ақаулары мен хромосомалық патологиясын уақтылы анықтауға мүмкіндік береді.
- Сонымен қатар жергілікті бюджет қаражаты есебінен 1,9 млрд теңге сомасына ұрықтың туа біткен кемшілігін диагностикалау, анықтау және жатырішілік түзету жүргізу үшін жабдық сатып алынды. Сондай-ақ «Аяла» қоры 17,7 млн теңгеге фетальды хирургияға арналған жабдықтар ұсынды, - деп атап өтті Әсем Нүсіпова.
Оқи отырыңыз: Алматылық офтольмологтар күрделі жарақат алған науқастың көру қабілетін сақтап қалды