Алматыда балабақшалар өз жұмысын қайта бастады

24.01.2022 16:38

Қазіргі уақытта 71 мыңнан астам баланы қамтитын 860 мектепке дейінгі ұйым - 190 мемлекеттік және 670 жеке меншік ұйым 20 қаңтардан бастап штаттық режимде өз жұмысын қайта бастады

2gis.kz

Алматыдағы барлық 860 мектепке дейінгі ұйым өз жұмысын қайта бастады. Бұл туралы Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен Алматының тыныс-тіршілігін қалпына келтіру жөніндегі қалалық штаб отырысында әкімнің орынбасары Ержан Бабақұмаров айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қазіргі уақытта 71 мыңнан астам баланы қамтитын 860 мектепке дейінгі ұйым - 190 мемлекеттік және 670 жеке меншік ұйым 20 қаңтардан бастап штаттық режимде өз жұмысын қайта бастады. Балабақшаларға 47 255 бала барады (мемлекеттік - 21 337, жеке - 25 918).

Әкім орынбасарының айтуынша, білім басқармасы күн сайын балалардың келуіне және балабақшаларда санитарлық талаптарды қамтамасыз етуге мониторинг жүргізуде.

24 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің ағымдағы жылғы 21 қаңтардағы қаулысына сәйкес контингенті 302 мыңнан астам оқушы бар 295 мектептің (207 мемлекеттік, 88 жеке) оқушылары аралас форматта оқуға кірісті.

- 600 оқушыға дейін контингенті бар 1-4 сыныптарда, 115 мектепте (32 мемлекеттік, 83 жеке) - штаттық режимде оқыту;

- контингенті 600 оқушыдан асатын 180 мектепте (175 Мемлекеттік, 5 жеке меншік) - мектептердің жобалық қуатының 50%-нан аспайтын жүктемемен штаттық форматта.

Бұдан басқа, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 6 ұйымның 354 тәрбиеленушісі штаттық режимде оқитын болады.

Мектептерде санитарлық талаптардың сақталуы ерекше бақылауда, ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

24 қаңтардан бастап 83 колледждің 73 719 студенті (23 мемлекеттік, 60 жеке меншік) оқуды бастады. Олар үшін оқытудың аралас форматы қарастырылған: практикалық сабақтар икемді кесте бойынша офлайн, дәрістік сабақтар онлайн режимде өткізіледі.

Осындай форматта 24 мыңнан астам оқушыны қамти отырып, 23 қосымша білім беру ұйымы өз жұмысын жалғастыруда.

Кері байланысты қамтамасыз ету үшін Білім басқармасында, аудандық білім бөлімдерінде және әр білім беру ұйымында Call-орталықтар жұмыс істейді.