Алматыда мәдениет және спорт нысандары қалай жұмыс істейді

24.01.2022 16:48

Бүгінде Алматыда 19 театр жұмыс істейді, оның 10-ы – мемлекеттік және 9-ы – жекеменшік

www.oner.kz

Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Алматының тыныс-тіршілігін қалпына келтіру жөніндегі қалалық штаб отырысында әкімнің орынбасары Ержан Бабақұмаров спорт, мәдениет және өнер мекемелерінің жұмыс істеуі, сондай-ақ волонтерлік ұйымдардың жұмысы туралы айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Әкім орынбасарының айтуынша, бүгінде қаланың барлық ұйымдары мен спорт нысандары штаттық режимде жұмыс істеуде. Алматы қаласының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысына сәйкес санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып, барлық оқу-жаттығу процестері қайта жанданды.

Бүгінде Алматыда 19 театр жұмыс істейді, оның 10-ы – мемлекеттік және 9-ы – жекеменшік. Барлығы 10 концерттік-ойын-сауық, демалыс ұйымдары, оның ішінде 6 республикалық және 4 қалалық ұйымдар.

Алматы қаласының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес барлық мәдениет және өнер мекемелерінде іс-шаралар өткізу тоқтатылды. Мәдениет басқармасының ведомстволық бағынышты мекемелері шектеулі жұмыс режиміне көшті – штаттық қызметкерлердің 70-80% онлайн жұмыс істейді. Офлайн режимде тек Алматы қаласының зоологиялық паркі мен мұрағаты жұмыс істейді.

Алматыда санитарлық-эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты ғибадат объектілерінде (мешіттер, шіркеулер, храмдар және т.б.) ұжымдық Құдайға құлшылық етуге (жұма намазы, жексенбі жиналыстары және т. б.) тыйым салынған.

Е. Бабақұмаров қаланың волонтерлік ұйымдарының жұмысы туралы айта келіп, осы жылдың 10 қаңтарынан бастап қалалық волонтерлік штабтың жұмысы басталғанын атап өтті.

Кез келген көмек көрсетуге ниет білдірген мұқтаж азаматтар мен қала тұрғындарынан 800-ден астам қоңырау түсті.

10-21 қаңтар аралығында күндізгі уақытта штаб жатақханаларда, коммуналдық қызметтерге, жатақханада тұратын студенттерге, әскери қызметшілер мен балалар үйінің тәрбиеленушілеріне 7 мыңнан астам ыстық тамақ тасымалданды. Сондай-ақ мұқтаж алматылықтарға 500-ге жуық азық-түлік пакеті таратылды.

Алматы қаласының этномәдени бірлестіктері құқық қорғау органдарының, №4 қалалық аурухананың және басқа да қалалық ауруханалардың қызметкерлеріне 5,5 млн теңгеге азық-түлік себеті түрінде қайырымдылық көмек көрсетті.