|
04.09.2024 | 11:41
1111

Алматыда жыл сайын өтетін Альпиниадада мыңнан астам тау әуесқойы Жастар шыңына көтерілді

Жол бойы альпинизм федерациясының арнайы волонтерлері барлық қатысушыға көмек көрсетіп отырды

Алматыда жыл сайын өтетін Альпиниадада мыңнан астам тау әуесқойы Жастар шыңына көтерілді Римма Галиева

«Альпиниада-2024» өз мәресіне жетті. 12 мамырда Панфиловшылар шыңына (4120 м), 7 шілдеде Нұрсұлтан (Комсомол) шыңына (4376 м) және 31 тамызда Жастар шыңына (4137 м) көтерілу өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жаздың соңғы күні Жастар шыңына көтерілуге 1 мыңнан астам адам қатысты. 1Б альпинистік санатындағы маршрут Алматы қаласының Туризм басқармасының қолдауымен, Алматы қаласының Альпинизм федерациясы, Алматы қаласының Альпинизм мектебі және Turclub.kz спорттық туристер қауымдастығының альпинистерінің мұқият дайындығымен өтті.

«Шымбұлақ» тау-шаңғы курортынан Жастар шыңының басына дейін қатысушылар шамамен 10 км жол, 2000 м биіктікті жүріп өтті. Қатысушылардың басым көпшілігі Кіші Алматы шатқалында орналасқан Тұйық-Су мұздығында түнеп шықты.

Альпиниаданың техникалық бөлігі барлық талапқа сай арқанды қорғау арқылы және толыққанды альпинистік жабдықтармен өтті. Жол бойы альпинизм федерациясының арнайы волонтерлері барлық қатысушыға көмек көрсетіп отырды. Шыңға 354 қатысушы көтерілді. Олардың қауіпсіздігін 25 альпинист пен Алматы қаласы әкімдігі құтқару қызметінің 15 құтқарушысы қамтамасыз етті.

Биылғы Альпиниадаға ерекше балалар да қатысты, олар үшін маршруттың қолжетімді болуын ескере отырып арнайы тур дайындалды. Инклюзивті топтағы 29 бала ата-аналары және гидтердің еріп жүруімен бірге «Тұйық-Су» альплагерінің жанындағы Қара сарқырамаға дейін жүріп өтті.

«Альпиниада-2024» қорытындысы бойынша үш жаппай көтерілуге үш мыңнан астам қала тұрғындары мен қонақтары қатысты. Панфиловшылар шыңына 310 адам, Нұрсұлтан (Комсомол) шыңына 355 адам және Жастар шыңына 354 адам жетті. Эко-турларға 68 ерекше бала қатысты.

Алматы қаласы Альпинизм федерациясының шақыруымен Альпиниаданың құрметті қонағы Францияның бас өкілі Фабрис Нева алғаш рет Жастар шыңын бағындырды. Ол дайындық деңгейінің жоғарылығын және альпинист-волонтерлердің жұмысын ерекше атап өтті.

«Альпиниадасы-2024» ұйымдастырушылары: Алматы қаласының Туризм басқармасы (Almaty_Tourism Bureau), Алматы қаласының Альпинизм федерациясы (falp.kz), Алматы және Қазақстанның Спорттық туристер қауымдастығы (Turclub.kz), Алматы қаласының құтқару қызметі.

Оқи отырыңыз: Алматыда ашық аспан астындағы кино кештері жалғасуда

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир